Күршім ауданы Құйған ауылдық округінің маңында 400 гектар алқап өртеніп жатыр. Ауданның өрт сөндірушілері мен жергілікті билік тілсіз жаумен арпалысуда, деп хабарлайды altaynews.kz.
Мамандардың айтуынша, елді мекендерден 50 шақырым қашықтықта шыққан өрт тұрғындарға қауіпсіздік тудырмайды. Алайда ол жерлерге бару қиындығы қызыл жалынды өшіруге мұрша бермей тұр.
Қазіргі сәтте өрт бәсеңсігенімен, мүлде сөнген жоқ. Өртті сөндіруге Күршім мен Үлкеннарын аудандарының өртке қарсы қызметтері мен жергілікті биліктің қызметкерлері жұмылдырылған.
Далада шыққан өрттің басым бөлігі отты қолдануда абайсыздық танытудан болып тұр. Жыл басынан бері облыста 500 дала өрті тіркелді. Өрт сөндірушілер тұрғындардан табиғат аясына шыққанда өрт қауіпсіздігін сақтап, жауапты болуды ескертеді.