Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен "Дін және тарих тағылымы жылы" аясында бата жарысы өтті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Baq.kz хабарлайды.
Шараны "Күршім аудандық мешіті" мен аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесе ұйымдастырды.
Шараға Күршім өңіріне белгілі қарттар мен қоса Көкпекті, Қатонқарағай аудандарының сөзі дуалы 20-дан астам абыз батагөйі қатысты.
Олар көрермендер алдында жеребе тартып, батаның түрлері бойынша арнайы тапсырма алды.
Тақырыптарға сүндет той батасы, тұсаукесер батасы, шілдехана батасы, отан қорғауға шығарып салу батасы, жас жұбайлар батасы, хатым батасы, неке батасы қатарлы ақ тілектердің тізбектері арнайы таңдалды.
Сайыста Қатонқарағай ауданынан келген батагөй Смағұл Мырзабек бас жүлде иеленді. 1-орынға Шаукенов Есен, 2-орынға Баймұрат Бердіұлы, 3-орынға Мадиев Алтынғазы ие болып, оларға ақшалай сыйлық, марапат ұсынылды. Өкіл имам бас жүлде иегері, батагөй М.Смағұлға шапан жауып, ақшалай сыйлық берді.