Құрт шыққан 150 келідей қарбыз жойылды

1932

Енді, қарбыздың иесі 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 48 100 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Құрт шыққан 150 келідей қарбыз жойылды Фото: inform.kz

Астаналық инспекторлар Жамбыл облысынан келген қарбыздан қауын шыбынын тапты. Бүгін аталған өнімді арнайы әдіспен жою шаралары атқарылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сымбат Қалиасқаровтың айтуынша, бір партияда 10 тонна болды. Соның ішінде 150 келіге жуық қарбыздан "қауын шыбыны" деген зиянкестер шықты.

"Біз оның бәрін тәркілеп алдық. Аталған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық актісі рәсімделді. Енді, қарбыздың иесі 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 48 100 теңге көлемінде айыппұл төлейді", - дейді Сымбат Қалиасқаров.

Маманның сөзіне қарағанда, қауын шыбыны асқабақ тұқымдас өнімдер - қарбыз, қауын мен қиярға жиі түседі. Ондайда сары шыбындар піспей тұрған қарбызға құрт салып кетеді.

"Қарбыздың сыртында қызыл-қоңыр іздер пайда болады. Содан құрттың түскенін білуге болады. Ондайды көрсеңіз бірден өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекторларға арыздану қажет. Олар сол жерде жүреді, немесе шағым түсіруге болады. Негізі, оның адам денсаулығына зияны жоқ. Дегенмен, басқа асқабақ тұқымдас өнімдерге тарап кетсе, бәрін құртып жібереді", - деп атап көрсетті Сымбат Қалиасқаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу