Кейуана әлі де ширақ. Ал ұзақ жасаудың сырын адал еңбек және жақсы ниетпен байланысты деп отыр. Өмір бойы ауыр жұмыстың ортасында жүрген ана қазір де бос отырмайды. Құрт жайып, үй тірлігіне араласып жүреді.
Ол жұбайы Аязбай Темірбаев екеуі өмір бойы жылқы баққан. Дегенмен мал соңындағы қара жұмыстан қажымаған. Аязбай ақсақал ғасырға жуық жасап, 95 жасында дүниеден өткен. Ал Түймегүл әже жақында 116 жасқа толған. Соған қарамастан көзілдіріксіз ине сабақтай алады.
"Балаларым аман болсын. Балалардың алдында кетсем деп жүрмін", – дейді Түймегүл Темірбаева.
Әженің балалары осы күнге шейін анасының ауырдым дегенін естімепті.
"Анда-санда далаға шығып келеді. Көбінесе үйде жүреді. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың шаруасына, іштің шаруасына. Қанша дегенмен жасы келді ғой. Теледидар көріп отырады. Бізге тамақ істеп қояды", – деді әженің келіні Раушан Темірбаева.
Кейуана бүгінде Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Бауырынан өрген 4 баладан 15 немере, 25 шөбере сүйген.