Құрық порты құрғақ жүк таситын жаңа кемемен толықты

166

Құрық теңіз портындағы Саржа терминалының айлағында құрғақ жүк тасымалдауға арналған жаңа кеме суға жіберілді.    

Құрық порты құрғақ жүк таситын жаңа кемемен толықты Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шара аясында теңіз дәстүріне сай тұсаукесер рәсімі өткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық әкімдігіне сілтеме жасап.

Кемеге Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Ақтау қаласының Құрметті азаматы Нәсіпқали Марабаевтың есімі берілді. Аталған су көлігін жұмысын жаңа бастаған қазақ-араб бірлескен кеме қатынасы кәсіпорыны басқарады.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов, "Лукойл Лубрикантс Орталық Азия" ЖШС теңіз жобалары жөніндегі директордың орынбасары Алик Айдарбаев және мұнай-газ саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен Нәсіпқали Марабаевтың жанұясы қатысты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиналған жұртты жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік логистикасының стратегиялық маңызын атап өтіп, оны дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі шара - сол тапсырмалардың іске асып жатқанын дәлелдейді. Нәсіпқали Марабаев ағамыз ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол тек Марабаевтардың ғана емес, бүкіл Маңғыстаудың әкесі. Еңбегі мен өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету - біздің борышымыз. Баршаңызды осы тарихи сәтпен құттықтаймын"! – деді ол.

Заманауи техникалармен жабдықталған "Nasipkali Marabayev" кемесі құрғақ және жалпы жүктерді тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі – 7000 тонна, ұзындығы – 136 м, ені – 16 м, биіктігі – 7 м. Әртүрлі климаттық жағдайда жұмыс істеуге бейімделген кеме ашық теңіздер мен өзендерде де қатынай алады. Онда 14 адамнан тұратын білікті қазақстандық экипаж қызмет етеді.

Шара барысында ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов Транскаспий халықаралық дәлізін дамыту жөніндегі жобалардың жалғасатынын айтты.

Салтанатты шара соңында бірлескен кеме қатынасы кәсіпорынын ашқан қазақстандық Semurg Invest және БАӘ-нің Freeseas Container Shipping компаниялары Каспий теңізінде жаңа кемелерге инвестиция тарту туралы меморандумға қол қойды.

Кәсіпорын 2027 жылға дейін кеме санын алтыға жеткізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу