Маңғыстау облысындағы Құрық портында жаңа терминал салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2021 жылдың ақпанында "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ, "Құрық порты" ЖШС және "Kaspi Grain Way" ЖШС арасында Құрық портында терминал салу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл - Құрық портын дамыту аясындағы "ҚТЖ "ҰК" АҚ-ның жүзеге асырып жатқан жаңа жобасы", - деп жазылған хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл келісім көлік маршрутының бәсекеге қабілетін арттыруға, жүк ағындарын ұлғайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Құрық порты арқылы жүк тасымалдау процесін жетілдіруге ықпал етеді.
Жаңа жоба бір мезгілде 25 мың тонна дәнді дақылдарды сақтайтын терминалды (жылдық қуаты 1 миллион тонна) іске қосуға мүмкіндік береді. Жаңа терминал 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
"Терминал Қазақстан, Иран, Кавказ бағыты бойынша және одан әрі үшінші елдерге астық дақылдары экспортының болжамды көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етеді", - деп жазылған хабарламада.
Фото: kuryk.kz