"Құрық-Жетібай" тас жолының құрылысы сын көтермейді

618

Құрылысы толық аяқталмаған жолда ақаулар пайда болған.

"Құрық-Жетібай" тас жолының құрылысы сын көтермейді Фото: Ұлттық сапа орталығы

Республикалық маңызы бар "Құрық-Жетібай" автомобиль жолының жаңадан төселген бөлігі қабыршақтанып жатқан көрінісі әлеуметтік желіге жарияланып, көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Құрық-Жетібай" автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары 0-40 және 40-64 шақырым деп аталатын екі учаскеден тұрады, жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме - "Ақ жол құрылыс" ЖШС. Бірден айта кету керек, бұл автомобиль жолының құрылысы әлі аяқталып, жол пайдалануға тапсырылған жоқ. Таяуда ғаламторға жарияланған әуесқой түсірілім Құрық елдімекенінен Жетібай ауылына қарай бағытталған автомобиль жолының 0-40 шақырым аралығында түсірілген. Жоба бойынша үш қабат асфальтбетон төселеді. Бұл жұмыстар осы жылы толық аяқтау жоспарда бар", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтанов.

"Құрық-Жетібай" жолының күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүруін, қолданылып жатқан жол құрылыс материалдары, автомобиль жолының ұзындығы мен ені, әр қабатының қалыңдығы мен тығыздық коэффициенттері нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес келуі арнайы құрал-жабдықтармен тексеріледі.

"Әуесқой түсірілім жасалған жерде жолдың бір қабаты, яғни ыстық жоғары кеуекті ірі түйіршікті асфальтбетоннан негіздің жоғарғы қабаты төселген. Нормативті құжаттарға сәйкес қысқы уақытта бір қабаты ғана төселген жолмен жүруге болмайды. Жол пайданушыларға айналма жол қарастырылған. Көлік жүргізушілері сол жолмен жүруі қажет. Бірақ, кейбір азаматтар салынып жатқан жолға көлікпен шығып жүр. Салдарынан, құрылысы толық аяқталмаған жолда ақаулар пайда болды. Енді мердігер осы ақауларды жоюмен айналысады. Осы ретте аймақ тұрғындарын уақытша айналма жолмен жүруге шақырамын", - дейді Хамзат Сұлтанов.

Айта кетсек, аталған автомобиль жолының құрылысы 5 кезең бойынша тексеріледі. Алғашқысы, мердігер мекеменің сапаны бақылау зертханасынан өтеді. Одан кейін авторлық қадағалау мамандары қарайды. Үшінші кезең - жол обьектісінің басында жүретін техникалық қадағалау мекемесі тексереді. Соңғы екі кезеңде ұлттық жол сапа орталығы мен жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлері тұрақты түрде бақылауда ұстап отыруы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу