Құрылтайдың жалпы отырысында Құрылтай Регламентінің жобасы қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева заң шығару процесін түсіндірді. Регламентте заң жобасының Құрылтайға енгізілген кезінен бастап заң қабылданғанға дейінгі бүкіл өту жолы толығымен реттеледі.
"Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады. Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасының одан әрі пысықталуын ұйымдастырады. Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады", – деді Снежанна Имашева.
Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Оларды жұмыс тобы мен бас комитет жинақтап, салыстырма кестеге енгізеді.
Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады.
"Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды. Бұл кезеңде заң жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамасына, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге, ішкі қайшылықтар мен редакциялық сипаттағы ескертулерді жоюға бағытталған түзетулер ғана қаралады. Екінші оқылымда мақұлданған жобаның құқықтық мазмұнын өзгертетін түзетулер қаралмайды", – деп түсіндірді Құрылтай депутаты.
Сонымен қатар Құрылтайда қаралып жатқан заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделгені де белгілі болды.