Құрылтай депутаты Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтарды атады

304

Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, экономиканы жаңғырту, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру және өңірлердің әлеуетін дамыту міндеттерін қамтыды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрылтай депутаты Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтарды атады

Құжатта заңнаманы жетілдіру, отандық өндірісті қолдау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және цифрлық технологияларды экономиканың негізгі салаларына енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Құрылтай депутаты Максим Рожиннің пікірінше, Жолдаудағы бастамаларды іске асыру елдің экономикалық дербестігін нығайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Ол стратегиялық міндеттерді сапалы заңнамалық шешімдермен ұштастырып, мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесіне баса мән беру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ депутат "Халықтық құрылыс" бастамасының өңірлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызына, әлеуметтік саланы жаңғыртуға және цифрлық экономиканы қалыптастыруға назар аударды. Оның айтуынша, реформалардың нәтижесі жаңа нысандар мен технологиялардың санымен ғана емес, олардың халықтың тұрмыс сапасына, отандық өндірістің дамуына және жастардың кәсіби мүмкіндіктеріне тигізетін нақты әсерімен бағалануға тиіс.

– Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындады. Осы стратегиялық бағыттар заңнаманы жетілдіруге, ұлттық мүдделерді қорғауға және елдің тұрақты дамуына қалай ықпал етеді?

– Мемлекет басшысының бұл Жолдауының басты ерекшелігі – Қазақстанның дамуын бүгінгі күннің міндеттерімен ғана шектемей, келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік тұрғысынан қарастыруы.

Президент еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндетті нақты айқындады. Біз болашақ ұрпаққа тек қаржылық жинақ қана емес, қуатты экономикасы, дамыған технологиялары, заманауи инфрақұрылымы және жоғары өмір сүру стандарттары бар мемлекет қалдыруымыз керек.

Бұл жерде ерекше назар аударатын мәселе – саяси реформалардың экономикалық және институционалдық жаңғырумен ұштасуы. Жолдауда заңнаманы жетілдіруге қатысты бірнеше маңызды міндет қойылды.

Біріншіден, 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодекс қабылдау ұсынылды. Президент атап өткендей, қолданыстағы кодекс өткен ғасырдың 90-жылдарында өтпелі экономика жағдайында қабылданған. Ал бүгінгі цифрлық экономика, жасанды интеллект пен жаңа инвестициялық қатынастар мүлде басқа құқықтық негізді талап етеді.

Екіншіден, салық заңнамасын жетілдіру қажеттігі айтылды. Президент Салық кодексі өзгермейтін құжат емес екенін атап өтіп, кәсіпкерлерге артық жүктеме түсіретін нормаларды қайта қарауды тапсырды.

Үшіншіден, инвестициялық қызметті құқықтық қорғау, капитал нарығын дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелері көтерілді.

Ұлттық мүдделерді қорғау тұрғысынан алғанда, Жолдауда экономикалық дербестікке ерекше мән берілген. Энергетикалық қауіпсіздік, отандық өндірісті дамыту, стратегиялық минералдарды тиімді басқару және көлік-логистикалық әлеуетті нығайту – мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі шарттары.

Президенттің "Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды" деген сөзі бүкіл мемлекеттік аппарат пен депутаттық корпусқа қойылған талап деп есептеймін.

Біздің міндетіміз – стратегиялық бастамаларды сапалы заңнамалық шешімдерге айналдыру, олардың орындалуын бақылау және әрбір реформаның азаматтардың өміріне нақты оң әсер етуін қамтамасыз ету. Өйткені Мемлекет басшысы атап өткендей, реформалардың басты нәтижесін көретін де, олардың игілігін пайдаланатын да – халық.

– Президент экономиканың әлеуетін арттыру, отандық өндірісті дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау міндеттеріне назар аударды. Бұл бағыттар кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға қалай әсер етеді?

– Президент Жолдауында экономикалық дамудың жаңа моделіне көшу қажеттігін нақты көрсетті. Оның негізінде шикізаттық әлеуетті тиімді пайдалану, отандық өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру міндеттері жатыр.

Жолдауда келтірілген көрсеткіштерге назар аударайық.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 14 пайыздан асты. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жетіп, негізгі капиталға тартылған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жақындап отыр. Бұл деректер шағын және орта бизнестің ұлттық экономикадағы маңызы артып отырғанын көрсетеді. Алайда Президент бизнестің сандық өсімімен шектелмеу қажеттігін де атап өтті. Қазір кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді. Сондықтан кәсіпкерлікті өндіріс, технология және қызмет көрсету бағыттары бойынша әртараптандыру маңызды. Осыған байланысты бірнеше нақты бастама ұсынылды.

Біріншісі – кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту. Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микробизнеске тексерулер жүргізуге жаңа үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынды.

Бұл ұсыныстың негізі бар. Жолдауда айтылғандай, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан құқық бұзушылықтар 34 пайызға азайғанымен, айыппұлдардың сомасы шамамен 11 пайызға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер ондаған есе көбейген.

Екіншісі – мемлекеттік сатып алуларға отандық кәсіпкерлердің қатысуын кеңейту. Президент сатып алулардың белгілі бір бөлігін шағын және орта бизнеске резервтеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Үшіншісі – ұзақ мерзімді қаржыландыру. Орта бизнестің технологиялық жаңғыруына, ірі кәсіпорындармен кооперация орнатуына және өндіріс көлемін ұлғайтуына жағдай жасау көзделген.

Мұның өңірлер үшін маңызы ерекше.

"Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында жолдар, ауруханалар, мектептер мен инженерлік желілер салынады. Президент құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды мүмкіндігінше еліміздің өзінде өндіру міндетін қойды.

Демек, ауқымды мемлекеттік тапсырыс отандық кәсіпорындардың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердегі өндірістік кооперацияның кеңеюіне ықпал ете алады.

Мемлекет басшысының "Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды" деген талабы осы саясаттың экономикалық мәнін айқындайды.

Яғни басты мақсат – мемлекеттік инвестициялардың нәтижесінде тек жаңа нысандар салу емес, сол құрылыстың айналасында отандық өндірісті, кәсіпкерлікті және тұрақты жұмыс орындарын дамыту.

– Жолдауда әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты ретінде азаматтардың әл-ауқатын арттыру және адами капиталды дамыту міндеттері белгіленді. Денсаулық сақтау, білім беру және балалардың дамуына бағытталған бастамалар қоғамның өмір сапасын жақсартуда қандай рөл атқарады?

– Президент Жолдауындағы ең маңызды әлеуметтік ұстанымдардың бірі – мемлекеттің басты міндеті азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау екені.

Мемлекет басшысы бұл туралы: "Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз", - деп нақты айтты.

Бұл – әлеуметтік саясаттың тиімділігін бағалауға қатысты маңызды тұжырым. Жолдауда Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар екені, олардың халықтың 34 пайызын құрайтыны және жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келетіні айтылды. Мұндай демографиялық өсім білім беру, денсаулық сақтау және балалардың дамуына арналған инфрақұрылымға сұранысты арттырады. Сондықтан Президент нақты міндеттер қойды.

Біріншіден, денсаулық сақтау инфрақұрылымын кеңейту жоспарланған. Елімізде сегіз заманауи перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы және Астанада екі медициналық нысан салу көзделіп отыр.

Екіншіден, инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде инклюзивті білім алуға мұқтаж 237 мыңнан астам бала бар. Президент тиісті инфрақұрылымды дамыту, мамандар тапшылығын азайту және ерте диагностика жүйесін жетілдіру міндеттерін қойды.

Үшіншіден, білім беру сапасын арттыру мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы мұғалімдердің артық есептілігін азайтып, олардың кәсіби беделін қорғауды тапсырды. Өйткені ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Төртіншіден, азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты шешімдер ұсынылды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл 1,8 миллион адамның табысына оң әсер етуі тиіс.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында жұмыс істейтін 77 мыңнан астам маманның жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген.

Менің ойымша, бұл бастамалардың ең маңызды ерекшелігі – олардың ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталуы.

Мәселен, жаңа мектеп салу – тек орын тапшылығын азайту емес, баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Балалар ауруханасын немесе оңалту орталығын ашу – тек медициналық қызмет көлемін ұлғайту емес, мыңдаған отбасының өмір сапасын жақсарту.

Сонымен бірге Президент әлеуметтік саясаттағы өзгерістерді асығыс жүргізбеу керектігін ескертті. Жаңа тәсілдер алдын ала зерттеліп, пилоттық режимде тексеріліп, тиімділігі дәлелденген соң ғана кеңінен енгізілуі тиіс.

Сондықтан әлеуметтік саясаттың табысы бөлінген қаражатпен немесе төленген жәрдемақылар санымен емес, азаматтардың денсаулығы, білім сапасы, нақты табысы және қолжетімді мүмкіндіктері арқылы бағалануы қажет.

Бұл – адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік инвестиция.

– Мемлекет басшысы "Халықтық құрылыс" бастамасы аясында өңірлердегі жолдар мен әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берді. Бұл жобалар аймақтардың әлеуетін ашуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және елдің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге қандай үлес қосады?

– "Халықтық құрылыс" – Президент Жолдауындағы ең ауқымды стратегиялық бастамалардың бірі. Оның басты ерекшелігі – жеке ғимараттар салумен шектелмей, еліміздің бүкіл азаматтық инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға бағытталуы.

Мемлекет басшысы: "Қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды", - деп атап өтті.

Бұл тұжырым өңірлік дамудың негізгі қағидатын көрсетеді. Жолдауға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, жолдар, теміржол желілері, инженерлік коммуникациялар, газ және ауызсу жүйелері жаңғыртылады. Бұл бастаманың өңірлерге әсерін үш бағытта қарастыруға болады.

Біріншіден, әлеуметтік теңсіздікті азайту. Ауыл мен қала тұрғындарының сапалы медициналық көмекке, білімге, мәдениет пен спорт нысандарына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Екіншіден, өңірлік экономиканы жандандыру. Құрылыс жұмыстары жергілікті кәсіпорындарға тапсырыс беруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын бизнестің дамуына жағдай жасайды.

Үшіншіден, елдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейту. Жолдауда Бақты – Аягөз теміржолының Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыратыны, ал Арал – Каспий күре жолының Транскаспий дәлізін шамамен мың шақырымға қысқартып, жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтатыны айтылды.

Бұл жобалар Қазақстанның Еуразиядағы логистикалық орталық ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Алайда мұнда ерекше мән беретін мәселе бар.

Президент жобаларды іріктеуде нақты қажеттілікті ескеруді, құрылыс сапасын бақылауды және жұмсалған қаражаттың экономикалық әрі әлеуметтік қайтарымын қамтамасыз етуді талап етті.

Яғни әр өңірде бірдей нысандар салу емес, халық саны, көші-қон үдерістері, әлеуметтік инфрақұрылымның жүктемесі және экономикалық ерекшеліктер негізінде шешім қабылдау маңызды.

"Халықтық құрылыс" бастамасының табысы салынған ғимараттардың санымен ғана емес, олардың халыққа қаншалықты қажет екенімен, сапасымен және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижесімен өлшенуге тиіс.

Бұл бағытта депутаттық бақылаудың да маңызы зор. Өйткені әрбір бөлінген теңге азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі керек.

– Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, ғылым мен инновацияны қолдау бағыттарын ел болашағы үшін маңызды міндеттер ретінде атады. Осы басымдықтарды іске асыру Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жастардың білім мен кәсіби дамуына қандай жаңа мүмкіндіктер береді?

–  Президент Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет ретінде айқындалды.

Мемлекет басшысы цифрландырудың жаңа кезеңіне өту қажеттігін атап өтті.

Бүгінде елімізде екі суперкомпьютер іске қосылған, ал жыл соңына дейін үшінші қуатты суперкомпьютерді пайдалануға беру жоспарланған. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту аяқталған, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Алайда Президент технологиялық инфрақұрылымның болуы өздігінен экономикалық табысқа кепілдік бермейтінін ашық айтты.

Жолдауда цифрландырудың кейде қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен шектеліп қалатыны сынға алынды.

Сондықтан негізгі мақсат – цифрлық технологияларды нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

Бұл бағытта бірнеше маңызды міндет белгіленді.

Біріншіден, жасанды интеллектіні өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, мемлекеттік басқаруға және басқа да салаларға енгізу.

Екіншіден, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту. Президент интернетті тек ақпарат тұтыну немесе ойын-сауық кеңістігі ретінде емес, еңбек ету мен табыс табу құралы ретінде пайдалану қажеттігін айтты.

Үшіншіден, ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту. Келесі жылы бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін цифрлық платформалар арқылы өткізуге бағытталған пилоттық жобаларды іске қосу тапсырылды.

Төртіншіден, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары және цифрлық платформалар арқылы кәсіпкерлердің капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл бастамалар жастар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Жасанды интеллект, бағдарламалау, деректерді талдау, инженерия және технологиялық кәсіпкерлік сияқты бағыттарда жаңа кәсіби құзыреттерге сұраныс артады.

Ең бастысы, цифрлық экономикада адамның мүмкіндіктері оның қай жерде тұратынына тәуелді болмауы тиіс. Ауылдағы жас та, ірі қаладағы жас та технологияларды пайдаланып, білімін жетілдіруге, кәсіби дамуға және кәсіп бастауға мүмкіндік алуы қажет.

Президенттің мына сөзі ерекше назар аударуға тұрарлық: "Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды". Менің ойымша, бұл – білім беру жүйесіне, ғылыми ортаға және жастар саясатына қойылған маңызды стратегиялық талап. Өйткені болашақта елдердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстардың көлемімен ғана емес, ғылымның дамуымен, инженерлік әлеуетімен және азаматтарының технологиялық сауаттылығымен де айқындалады.

Қазақстан үшін цифрландырудың басты нәтижесі жаңа технологияларды сатып алумен шектелмеуі тиіс. Керісінше, сол технологияларды жасайтын, дамытатын және экономиканың игілігіне пайдаланатын отандық мамандар мен кәсіпорындарды қалыптастыру маңызды. Бұл – еліміздің технологиялық тәуелсіздігіне, экономикалық өсіміне және жас ұрпақтың болашағына жасалатын инвестиция.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу