Құрылтай мен ТүркПА арасындағы байланыс нығая түспек

387

​Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Рамиль Гасанды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрылтай мен ТүркПА арасындағы байланыс нығая түспек Фото: Құрылтай

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен алдағы бірлескен жұмыстар талқыланды.

Айбек Дәдебай тамыз айында өткен Құрылтай сайлауын бақылаған ТүркПА миссиясының жұмысына алғыс білдірді. Оның айтуынша, Құрылтай түркітілдес мемлекеттердің парламенттерімен өзара байланысты одан әрі дамытуға ниетті.

"Қазақстан түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Бізді ортақ тарих пен мәдениет байланыстырады. Сондықтан бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсу маңызды. Бұл бағытта парламентшілердің де үлесі зор. ТүркПА түркі интеграциясын дамытуда маңызды рөл атқарып келеді", – деді Айбек Дәдебай.

Өз кезегінде Рамиль Гасан Айбек Дәдебайды Құрылтай Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, парламенттердің мемлекетаралық байланыстарды дамытудағы маңызына тоқталды.

ТүркПА Бас хатшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға да пікір білдіріп, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуға және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етіп отырғанын атап өтті. Кездесу барысында Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығының қорытынды кезеңіне қатысты мәселелер де қаралды.

Айбек Дәдебай қазан айында Бішкекте өтетін Ассамблеяның XV жалпы отырысына тоқталып, жиынның ұйым аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар тараптар ТүркПА жұмысының күн тәртібін және парламентаралық ынтымақтастық аясында жоспарланған іс-шараларды талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу