Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында Құрылыс кодексінің жобасы талқылануда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов аталған құжатты таныстырып, жаңа кодекстің жайына тоқталып өтті.
– Барлық берілген рұқсатқа тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Бұл құрылыс компанияларындағы жұмысшылар саны мен материалдық ресурстардың көлемін нақты уақыт режимінде бақылап, нарықтан біліктілігі жоқ компанияларды аластатуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы, көп жылдан бері талқыланып келе жатқан Құрылыс кодексі жобасы төңірегінде әртүрлі ұсыныс, сын-ескертулер айтылып жүр. Жаңа кодекс бойынша, құрылыспен айналысуға рұқсат алған компаниялардың бәрі тексеруден өтуі ықтимал. Демек, бұл да оларға айтарлықтай қиындық тудырады деген сөз.
Бұған дейін еліміздегі БАҚ өкілдері жаңадан құрылыс кодексі әзірленіп жатқанын жарыса жазған еді.