"Биыл 9 айда жергілікті қамтудың өсу серпіні өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ды құрады. "Қарапайым заттар экономикасының" 7 саласы бойынша жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсібінде оң серпін байқалды. Бұл ретте құрылыс материалдары өндірісінде жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілген жоқ", – деді премьер-министр.
Оның сөзінше, "қарапайым заттар экономикасы" тауарын өндіруде жергілікті қамту үлесі бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары алда келе жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының ісі алға баспай тұр.
"Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жандандырып, оның жұмысына отандық тауар өндірушілерді барынша тарту қажет. Аталған комиссиялардың жұмысы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында нашар ұйымдастырылған. Бұл ретте қазақстандық қамтудың дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылдануда. Мысалы, офтейк-келісімшарттар, тауарлардың электрондық каталогы, жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімшарт сияқты жаңа құралдар енгізілді", – деді үкімет басшысы.
Асқар Маминнің мәлімдеуінше, "Самұрық-Қазына" қоры компанияларының сатып алудағы жергілікті қамту үлесі – 75%-ды құрайды.
"Бұл оң тәжірибені квазимемлекеттік және мемлекеттік секторлардың басқа компанияларына да тарату керек", – деп түйді ойын үкімет басшысы.
Қанат Махамбет