Құрылыс саласында 1,4 мыңнан аса компания қызметін уақытша тоқтатты

976

Еліміздің тұрғын үй нарығында сатып алу-сату операцияларының саны да азайып келеді.

Құрылыс саласында 1,4 мыңнан аса компания қызметін уақытша тоқтатты

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикалық бюросының сауалнамасына сәйкес 2021 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, құрылыс ұйымдарының іскерлік белсенділігінің төмендеуі және құрылыстағы экономикалық жағдайдың нашарлауы байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Мұның негізгі себебі – құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы. Елімізде құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының өсуі арасында айқын алшақтық бар. Мәселен, материалдар құнының өсу қарқыны жылжымайтын мүлік бағасының өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. Ағымдағы жылдың қазан айында құрылысқа қажетті заттар 28%-ға қымбаттаса, жаңа тұрғын үйлерді сату 14,6%-ға қымбаттады.

Қазақстанда құрылыс материалдарының қымбаттауына саланың барлық кәсіпорындары төтеп бере алмай келеді. Қазіргі жағдай көптеген компанияларды қызметін тоқтатуға мәжбүрлеп отыр.

Оны статистикадан анық байқауға болады. Биылғы жылдың басынан сәуір айына дейін құрылыста уақытша жұмыс істемейтін кәсіпорындар аз болды, яғни экономикалық белсенділік өсті. Бірақ сәуірде құрылыс материалдары бағасының өсінен кейін жағдай күрт өзгерді. Мәселен, мамыр айынан бастап уақытша жұмыс істемейтін кәсіпорындардың саны артқан. Қазан айының соңында көрсеткіш 23,2 мыңға жетті, бұл биылғы жылдың сәуір айымен салыстырғанда 6,5%-ға артық. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында құрылыс саласындағы 1,4 мың кәсіпорын өз қызметін уақытша тоқтатты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу