Оның құрамында ТМД-ның бас хатшысы Сергей Лебедев пен аталған ұйымның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Михаил Мыскин болды.
"Аталған ұйым өкілдерінің бұл институтқа келуі тегін емес. Себебі 2019 жылы оған ТМД-ға мүше мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласы жөніндегі базалық ұйымы ретінде мәртебесі берілген. Оның негізгі қызметіне жобалау ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында сейсмикаға төзімді құрылыс саласында тәжірибе алмасып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қолғабыс ету, нормативтік-техникалық базаны жетілдіріп, ғылыми әрі тәжірибелік-теориялық зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ ТМД елдеріндегі ғимараттар мен құрылыстарға тербелісті динамикалық сынақты жүргізу кіреді", – деп хабарлады ИИДМ.
"ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның бас директоры Бегман Құлбаевтың айтуынша, қазір базалық ұйымның қызметі аясында ТМД-ның мүшелігіне кіретін барлық елге арналып, жер сілкінісіне төзімді нысандар салу бойынша бірыңғай нормаларды әзірлеу қолға алынды. Мәселен, тиісті ұлттық нормативтік актілерге талдау жүргізіліп, келесі кезекте мақұлданған бірыңғай нормалар мен олардың ұлттық қосымша құжаттарын әзірлеу міндеті тұр.
Осы бірыңғай нормалар ТМД кеңістігінде құрылыс саласындағы сейсмикалық қауіпсіздіктің дамуына серпін беріп қана қоймай аталған саланы реттейтін ұлттық заңнамалардағы олқылықтың орнын толтыру тиіс.