Құрылыс саласындағы лицензианттар тізілімі цифрлық форматқа көшеді

"Атамекен" ҰКП мамандарының пікірінше, бұл шара сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласы нарығындағы  жалған компанияларды анықтау, сондай-ақ лицензиялауды ретке келтіруге мүмкіндік береді. 

Құрылыс саласындағы лицензианттар тізілімі цифрлық форматқа көшеді Фото: Inbusiness.kz

Кәсіпкерлер 2018 жылы уәкілетті органға құрылыс саласында Лицензианттардың бірыңғай электрон тізілімін құруды ұсынған болатын. Сол кезде елде 30 мыңға жуық лицензия берілген. Бүгінде олардың саны 90 мыңға жеткен. Демек, жыл сайын республикада 10 мың жаңа лицензия беріледі. Бұл ретте сарапшылардың пікірінше, нақты жұмыс істейтін компаниялардың саны анағұрлым аз.

Парламент Мәжілісінің бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің ақпараты бойынша, құрылыс нарығында 100 мыңға жуық лицензиаттың 12 мыңға жуығы ғана жұмыс істейді.

 "Бүгінде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау комитеті де, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті де, жобалау немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыруға рұқсат алған әрбір компания туралы толық ақпаратқа ие емес. Атап айтқанда, компания лицензияны иеленудің барлық кезеңінде қызмет атқарды ма, әлде оны алған сәттен бастап ештеңе істемеді ме, белгілі бір компания қанша нысанды жобалаған немесе салған, салық аударған ба, штатта білікті мамандардың қажетті саны бар ма, тиісті материалдық-техникалық базасы бар ма, ақпарат аз", – деді "Атамекен" ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің сарапшысы Данияр Молкенов.

Спикердің айтуынша, қазіргі кезде құрылыс саласындағы лицензиаттардың тізілімі қол режимінде жүргізіледі және лицензиаттар туралы ең аз мәліметтерді қамтитын Excel форматындағы әдеттегі кесте қолданылады. Бұл ретте берілген лицензияларға, нақты жұмыс істеп тұрған және жұмыс істемейтін компаниялар туралы өзекті ақпараттар жоқ.

Спикер бұл жайт нарықта жалған компаниялардың пайда болуына әкеледі, сонымен қатар тиісті жұмыс тәжірибесі, білікті персоналы және материалдық-техникалық базасы жоқ кез келген субъектіге нарыққа "кіруге" мүмкіндік беретінін айтты.

 "Көп жағдайда компания лицензияны біліктілік талаптарды айналып өтіп, түрлі айла-тәсілді, соның ішінде сыбайлас жемқорлық схемаларын қолданып алады", – деді сарапшы.

Данияр Молкенов биыл уәкілетті орган осы мәселелерді бизнеспен бірлесіп белсенді түрде қарастыра бастағанын айты. Осылайша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бизнестің қатысуымен қоғамдық талқылау өтті. Оның қорытындысы бойынша тізілімді цифрландыру және рәсімдерді автоматтандыру жолымен лицензиаттар нарығында қалыптасқан проблемаларды шешу қажеттілігі туралы бірыңғай позицияға қол жеткізілді.

Процедураларды автомат режимге ауыстыру – лицензиаттар туралы ақпарат жинау үшін қажетті барлық мемлекеттік дерекқорды интеграциялана отырып, "Е-Құрылыс" ақпараттық жүйесі платформасында лицензиаттар тізілімін жүргізу жолымен қамтамасыз етілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу