Құрылысы тұралап тұрған мектеп 6 жыл дегенде әрең ашылды

501

Ақтөбе облысы, Шалқар қаласындағы бұл білім ордасы 2019-ыншы жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. 

Құрылысы тұралап тұрған мектеп 6 жыл дегенде әрең ашылды Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті

Осы аралықта екі мәрте мердігер ауысқан. Құрылысты бір жылда аяқтауы тиіс компанияның ісі шала болып,  сот шешімімен жұмысы тоқтатылған болатын. Салдарынан  құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 900 миллионнан 1,3 миллиард теңгеге қымбаттап кеткен. Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің араласуынан кейін ғана нысанның құрылысын аяқтау мүмкін болған.

"Сот арқылы мердігер мекемемен арадағы келісім-шартты бұздық. Одан кейін түзету енгіздік. Осы жағдайларға байланысты жобаның мерзімі ұзарды. Жұмысты екінші компания жалғастырды. Қазір даладағы балалар алаңының құрылысы ғана аяқталмай тұр. Мердігер оны жаз айларында салып береді. Ақшасы дайын тұр", - дейді, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

320 орынға шақталған білім ордасы 1907-інші жылы салынған ескі гимназияның қасынан бой көтерді. Жаңа нысанның аумағы 5,3 мың  шаршы метр.  35 оқу кабинеті, спорт залы, асхана мен медициналық кабинет бар.

Мектепте 1-11 класс аралығында 910 оқушы білім алады. Жаңа ғимараттың салынуымен аудандағы үш ауысымда білім беру мәселесі де шешімін тауып отыр. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезовтың айтуынша, жуық арада осындай тағы бір нысан қолданысқа берілуі тиіс.

"Шалқар ауданының Қарашоқат деген ауылында да 120 балаға шақталған осындай бір мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оны ай соңыңа қарай қолданысқа береміз деп отырмыз. Мердігер мекеменің 2 жылдық кепілдік уақыты бар. Яғни осы аралықта құрылыс сапасына қатысты қандай да бір кемшіліктер анықталса, олар өз күштерімен қалпына келтіріп береді", - деді ол.

 Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Мемлекет басшысына республика бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңгені болатын осы секілді 156 нысан бар екенін баяндаған еді. Оның 17-сі Ақтөбе облысында орналасқан. Қазірге дейін өңірде  жемқорлық тәуекелдері картасына енген осындай 4 проблемалық нысан пайдаланылуға берілді. Еліміз бойынша жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынған алғашқы мектеп те Ақтөбе облысында. Ол 2023-інші жылдың ақпан айында ашылған Мұғалжар ауданындағы Құмжарған орта мектебі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу