Құс еті көрші елдерге өзіміздегі бағадан арзанға сатылып жатыр – Әлихан Смайылов

135

Былтыр құс етін өңдейтін 32 кәсіпорын 22 млрд теңге субсидия алды.

Құс еті көрші елдерге өзіміздегі бағадан арзанға сатылып жатыр – Әлихан Смайылов Фото: Риа Новости

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов құс етіне мемлекеттен бөлінетін субсидиялардың тиімсіз игеріліп жатқанына бірнеше мысал келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаттары аудиторлық палатаның қорытындыларына күмән келтіріп, құс етіне субсидия алатын кәсіпорындардың мүддесін қорғай сөйлеп жатыр. Серік Егізбаев пен Ерлан Саировтың ұстанымын әріптестері Болат Керімбек те қолдайтынын білдірді. 

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл уәждерге нақты сандармен жауап берді.

"Ішкі отандық құс етімен қамтамасыз ету үшін жыл сайын өте үлкен қаражат бөлінеді. Былтыр құс етін өңдейтін 32 кәсіпорын 22 млрд теңге субсидия алды. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр ішкі нарықтағы импортталған құс етінің үлесі 34 пайыз болып отыр. Бұл ішкі нарықты әлі де отандық құс етімен қамтамасыз ете алмай отырмыз деген сөз",  деді ол.

Палата төрағасы құс етін өндірушілер мемлекеттен субсидия алып шығарған өнімін көрші елдерге ішкі нарықтағы бағадан арзан сатып жатқанын ашып айтты.

"Қазақстанда өндірілетін құс еті ішкі нарықтағы орташа көтерме бағасы – килограмына 1200 теңге. Ал бөлшек саудада 1400 теңге. Дәл сол субсидияланған құс еті көрші елдерге көтерме бағамен көрші елдерге 800-900 теңгеден сатылады. Біздің ойымызша, егер осы өнім ішкі нарықта осындай төмен бағамен сатылса, өз тұтынушыларымыздың сұранысы көбірек болады және импорт үлесі төмендейтін еді. Сондықтан, біздің пікірімізше, құс етіне бөлініп жатқан субсидияның тиімділігі жеткіліксіз. Құс етін өндіретін кәсіпорындарға қарсы міндеттер қойылу керек", – деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу