Құс етінің 21%-ы елімізге сырттан жеткізіледі

107

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.  

Құс етінің 21%-ы елімізге сырттан жеткізіледі Фото: aitas.kz

Биылғы он айдың қорытындысы бойынша елімізде 307 мың тоннадан астам құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5% көп, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 37 жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, 32 ет өндіретін кәсіпорын және 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Олардың үшеуі бройлер, үшеуі жұмыртқа бағытында, ал біреуі үйрек шаруашылығы санатында.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биылғы 1 қарашада елдегі жалпы құс саны 48,3 миллионға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4% артық. Өткен жылы 4,5 миллиард дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарық толық қамтамасыз етілді. Сол жылы құс еті өндірісі 360 мың тоннаны құрады.

– Инвестициялық жобалардың арқасында соңғы бес жыл ішінде елді құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 79%-ға дейін артты. Саланы дамыту мемлекет тарапынан белсенді қолдау табуда. Жануар шаруашылығын субсидиялау қағидалары аясында өндірушілерге бірқатар қолдау шаралары көрсетіледі.

Ет бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды балапандар сатып алуға және құс еті өндірісінің өзіндік құнын арзандатуға субсидиялар қарастырылған, ал жұмыртқа бағытында – соңғы буындағы балапандар сатып алуға субсидиялар бөлінеді, – делінген министрлік таратқан хабарламада. 

Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау аясында мемлекет құс етін өндіру, асыл тұқымды репродукторлар және жұмыртқа фабрикаларының өндірістік қуаттарын құру немесе кеңейту кезінде салынған капиталдық инвестициялардың 25-тен 40%-ына дейінгі бөлігін өтейді.

Импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

– Мәселен, былтыр жалпы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна құс етін өндіретін 6 жоба іске қосылды, инвестиция көлемі 5,7 млрд теңгені құрады. 2025 жылы жалпы қуаттылығы жылына 45 мың тонна болатын 5 жоба жүзеге асырылуда, инвестиция көлемі 26 млрд теңге, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Алдағы үш жылда жалпы қуаттылығы 241 мың тонна және инвестиция көлемі 167,9 млрд теңге болатын 8 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

Нәтижесінде 2027 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықты құс етімен толық (110%) қамтамасыз етіп, сонымен қатар экспортты ұлғайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу