Құс өсірушілер одағы жұмыртқа бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

1181

Құс өсірушілер одағы жұмыртқа бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов 2016 жылдың соңына дейін жұмыртқа бағасының 20 пайызға қымбаттау себебін түсіндірді, деп хабарлайды LS.

Шәріповтің түсіндіруінше, жұмыртқа бағасына бағамның ауытқуы, сондай-ақ бензин құнының қымбаттауы әсер еткен.

"Еліміздің құс өсірушілері жемазықтан басқасының барлығын шетелден сатып алады және оның ақысын шетел валютасымен төлейді.  Олардың қатарында асыл тұқымды құс, қондырғы, вакцина мен дәрумен бар. Сонымен қатар құрама жарма 20 түрлі дақылдан тұрады.  Елімізде оның ішінде тек  бидай мен арпа ғана өсіріледі, қалғаны импортталады. Жұмыртқа мен еттің өзіндік құнының 70 пайызы құрама жемнен  тұрады", – деді Шәріпов.

Дегенмен түпкілікті бағаның қалыптасуына сауда желілері де үлесін қосатын көрінеді. Шәріповтің айтуынша,  мемлекет бөлетін субсидияның арқасында  құс фабрикалары  10-15 пайыз көлемінде маржаға қол жеткізеді, ал ол  алыпсатарларда әлдеқайда жоғары.

"Егер құс фабрикасы жұмыртқаны  24 теңгеден өткізсе, ал супермаркеттер оны 40-50 теңгеден сатады. Бағаны дүкендер асыра қосады. Жуырда  сауда желілеріндегі бағаны реттейтін заң шығуға тиіс.  Ол заң  делдалдарға шектеу қоятын болады", – деп түсіндірді Шәріпов.

Ұйымның мәліметіне сүйенсек,  2016 жылы еліміздің құс фабрикалары  5 млрд жұмыртқа өндірген. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,4 пайызға жоғары. 2017  жылы шамамен  6 млрд жұмыртқа өндіріледі деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу