Әлемдегі ең ірі құс еті экспорттаушы ел Еуропалық Одаққа құс және ет өнімдерін экспорттай алмайды. Себебі елде құс тұмауы жаппай таралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Рейтерс агенттігіне сілтеме жасап.
Жұма күні Бразилия құс фабрикасында тұмау ошағының расталғанын хабарлаған болатын. Бұл жаңалық Қытай секілді ірі импорттаушы елдің Бразилиямен саудасын уақытша тоқтатуына және Жапония сынды басқа да ірі нарықтар үшін шектеулер енгізілуіне әкелді.
"ЕО-ға импорт талаптары экспорттаушы елдің (Бразилияның) жоғары патогенді құс тұмауынан таза болуын қажет етеді", — деп мәлімдеді Еурокомиссия өкілі электрондық хатында.
Бразилияның ауыл шаруашылығы министрі Карлос Фаваро жұма күні қолданыстағы хаттамаларға сәйкес Қытай, Еуропалық Одақ және Оңтүстік Корея сияқты елдер Бразилиядан құс етінің импортына 60 күн бойы тыйым салатынын айтты.
Бірақ, комиссия ешқандай мерзім бермеді. Онда Рио-Гранди-ду-Сул штатындағы фермада анықталған індетке байланысты Бразилияның бүкіл аумағы "жоғары патогенді құс тұмауынан таза" ресми мәртебесін тоқтатқаны атап өтілді.