Түркістан облысының Төлеби ауданында тауда адасып, аяғын жарақаттап алған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
1995 жылы туған ер адам Қасқасу ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағына тауға кеткен. Алайда белгіленген уақытта қайтып оралмаған.
Белгілі болғандай, ер адам таудан өздігінен түсіп келе жатқанда аяғын қайырып алып, әрі қарай қозғала алмаған. Оны іздеуге ТЖМ құтқарушылары жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ер адам табылып, қауіпсіз жерге түсірілді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ тауға шыққан азаматтарды ауа райы мен жер бедерін ескеріп, дене дайындығына сай маршрут таңдауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.