Күтпеген жаңашылдық күнбағыс майы нарығын тығырыққа тірегелі тұр

435

Сала мамандары күнбағыс майының бағасы қымбаттауы мүмкін деп дабыл қақты.    

Күтпеген жаңашылдық күнбағыс майы нарығын тығырыққа тірегелі тұр Фото: Балжан Смаилова/OSPAN ALI

Елімізде өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңа экологиялық талаптарға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты май-тоңмай саласына арналған үздік қолжетімді технологиялар анықтамалығы әзірленді.

Алайда сала өкілдері ұсынылған эмиссия нормативтері халықаралық тәжірибемен салыстырғанда жоғары екенін, бұл өз кезегінде күнбағыс майының бағасына әсер етуі мүмкін деп алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Енді бірінші санаттағы кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды енгізуге, кешенді экологиялық рұқсат алуға және ауаға шығарылатын эмиссиялардың белгіленген нормативтерін сақтауға міндетті болмақ. Анықтамалықты әзірлеуге Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жауапты. Өсімдік майын өндірушілер ұсынылған эмиссия нормативтері әлемнің бірқатар дамыған елдеріндегі талаптардан да қатаң екенін айтады.

Мәселен, азот оксидтері (NOₓ) бойынша белгіленген нормативтер Еуропалық одақтағы талаптардан 3,25 есе, ал Ұлыбританиядағы көрсеткіштен 2,5 есе қатаң. Сонымен қатар Еуропалық одақта көміртегі тотығы (CO), ал Ұлыбританияда күкірт диоксиді (SO₂) бойынша шекті нормативтер белгіленбейді, олардың орнына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, май өңдеу кәсіпорындары үшін белгіленген талаптар еліміздегі атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі саналатын көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарына қойылатын талаптардан да қатаң.

Атап айтқанда, күкірт диоксиді (SO₂) бойынша нормативтер – 15 есе, ал азот оксидтері (NOₓ) бойынша 2 есе қатаң. Сондай-ақ май өңдеу зауыттарынан шығатын органикалық шаң бойынша нормативтерді металлургиялық кәсіпорындарға қарағанда 10 есе қатаң белгілеу ұсынылып отыр.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың сөзінше, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйым негізсіз талаптар қойып отыр.

"Біз бұл шаралар қабылданған жағдайда күнбағыс майының бағасы 30 пайыздан астам қымбаттауы мүмкін екенін айттық. Салдарын әрбір қазақстандық сезінеді. Екіншіден, өндіріс көлемі қысқарып, кейбір кәсіпорындар жұмысын тоқтатуы да ықтимал. Тиісінше ішкі нарықта импорттық өнімнің үлесі артып, бағаны реттеу мүмкін болмайды. Бүгінгі таңда қауымдастық Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігімен ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойған. Біз соңғы төрт жыл бойы күнбағыс майының ішкі нарыққа арналған көтерме бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұрмыз", – деді спикер.

Сала маманы күтпеген жаңашылдық отандық кәсіпорындарға ғана емес, мыңдаған фермерге де әсер етеді деген пікірде. Себебі шаруалар өз өнімін өткізетін нарықсыз қалуы мүмкін, дейді Ядыкар Ибрагимов. Бұл ретте қауымдастық осы мәселеге қатысты Бас прокуратураға сауал да жолдапты.

"Қауымдастық ретінде азот оксиді шығарындылары бойынша еуропалық стандарттарға сай нормативтерді енгізуді ұсындық. Яғни, біз экологиялық талаптарды жеңілдетуді емес, халықаралық тәжірибеге сай болатын нормаларды қолдануды ұсынып отырмыз. Мәселен, көміртегі тотығы (СО) шығарындыларына қатысты да Еуропада қолданылатын әдісті енгізу туралы айтылды. Экология министрлігіне қарасты ұйым енгізгісі келетін талаптар мен нормативтерді жаңа кәсіпорынның өзі орындай алмайды. Осы тұста ескі зауыттар туралы айтудың өзі артық. Сондықтан бұл бүкіл сала үшін өзекті мәселе", – деп атап өтті ол.

Ядыкар Ибрагимов ықтимал жаңашылдық аясында зауыттарда орнатылуы тиіс жабдықтардың құнына да тоқталды.  

"Экология министрлігінің өкілдері оның бағасы 10-20 миллион теңге шамасында екенін айтты. Біз есептеп көрдік. Мәселен, қазандыққа орнатылатын қап сүзгінің өзі құрылыс-монтаж жұмыстарын қоса есептегенде 1 миллиард теңгеге түседі екен", – деді қауымдастық басшысы.

Май зауыттары экологиялық талаптарды сақтап отыр

Жалпы алғанда, сұйық май дүкен сөрелеріне дайын күйінде жетемін дегенше бірнеше кезең жүзеге асырылуы тиіс. Соның әуел басында алқап тұр. Қазір күнбағыс гүлдеу кезеңінің соңына таяп қалды. Әдетте егін жинау жұмыстары қыркүйектің ортасынан кейін басталады, дейді Абай облысында күнбағыс өсірумен айналысатын шаруашылықтың иесі Александр Лехнер. Ол биыл шамамен 7 мың гектар жерге күнбағыс еккен.

Айтуынша, май өндіруге арналған күнбағыстың барлығы зауыттарға жіберіледі.

Александр Лехнердің сөзінше, май зауыттарына қойылатын талаптардың қатаңдауы олардың жұмыстарына әсер етпей қоймайды.

"Егер зауытта қандай да бір мәселе туындайтын болса, оның салдары бізге де сезіледі. Ондай жағдайда өнімімізді арзан бағаға сатуға мәжбүр боламыз. Бізде өнімді сақтап, кептіре аламыз. Ал кейбір фермелерде ондай мүмкіндік жоқ. Егер жиналған өнімнің ылғалдылығы жоғары болса, оны бір-екі аптаның ішінде кептіріп, өткізу қажет. Мұны істей алмаса, шаруашылық шығынға ұшырауы мүмкін", – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек күнбағысты ең көп дегенде жарты жыл, әрі кетсе бір жылға дейін ғана сақтауға мүмкіндік бар. Одан кейін оның қышқылдылығы артып, сапасы да бұзылатын көрінеді.

"Біз өнімімізді зауытқа өткізсек, сенімді жүреміз", – деп түсіндірді Александр Лехнер.

Осы тұста май зауыттары қазірдің өзінде экологиялық талаптарды толық орындап отырғандарын алға тартты.

"Меніңше, бүгінгі жағдайда бізді жылу электр орталықтарымен немесе мұнай компанияларымен салыстыру дұрыс емес. Тамақ өнеркәсібі онсыз да биологиялық отынмен жұмыс істейді. Сондықтан бұл кәсіпорындарға қойылатын талаптарды май өңдеу зауыттарына қолдану қисынсыз. Бұл бір зауытқа ғана қатысты мәселе емес. Әңгіме елдегі бүкіл май өңдеу саласы туралы болып отыр", – деді "Qazaq-Astyq Group" ЖШС бас директоры Николай Ушаков.

Жалпы алғанда, алқаптан жиналған күнбағыс шемішкесі зауытқа келіп түседі. Салмағы өлшеніп, кейін қоймаға не өндіріске жол тартады. Күнбағыс шемішкесінің қабығының жартысы түйіршектеуге жіберілсе, қалғаны жылу энергиясын өндіру үшін биологиялық отын ретінде қолданылады, ал шемішкенің дәнінен май өндіріледі, дейді спикер.

Халықаралық орталықтың өз уәжі бар 

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы редакция тілшісінің сауалына берген жауапта мән-жайды түсіндірді.

"Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалық жекелеген кәсіпорындар үшін емес, тиісті сала үшін әзірленеді және оның қолданылу аясына кіретін технологиялық процестерге арналған технологиялық көрсеткіштерді қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экология кодексінің талаптарына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кешенді экологиялық рұқсатты (КЭР) міндетті түрде алу тек I санаттағы объектілер үшін көзделген. Қазiргi уақытта eLicense.kz мемлекеттiк ақпараттық жүйесiнiң деректерi бойынша май-тоң май саласының жұмыс iстеп тұрған 80-нен астам кәсiпорындарының тек 4 объектiсi ғана I санатқа жатады. Дәл осы кәсіпорындарға бірінші кезекте ЕҚТ бойынша тиісті анықтамалықта көзделген технологиялық көрсеткіштерді қолдана отырып, КЭР алу талаптары  қолданылатын болады. Бұл жағдайда анықтамалық нақты кәсіпорындарға қойылатын талаптарды белгілемейді. Оның ережелері анықтамалықты қолданудың белгіленген саласына және экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес келетін объектілерге қатысты қолданылады", – делінген жауапта.

Кешенді экологиялық рұқсат алатын кәсіпорындар үшін ЕҚТ қағидаттарына кезең-кезеңімен көшу тетігі көзделгені белгілі болды.

"Қолданыстағы кәсіпорындар қоршаған ортаға әсер ету көздері, технологиялық процестері мен жабдықтары ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) қағидаттарына сәйкес келмейтін жағдайда, оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздейтін, мерзімі 10 жылға дейінгі Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын әзірлейді. Бұдан басқа, заңнамада осындай бағдарламаны іске асыратын кәсіпорындар үшін экономикалық ынталандыру көзделген. КЭР алған және Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын іске асыратын кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссиялар үшін экологиялық төлемдер төлеуден босатылады. Босатылған қаржы өндірісті жаңғыртуға, ЕҚТ-ны енгізуге және технологиялық қондырғыларды қайта жабдықтауға бағытталуы мүмкін. Осылайша, қолданыстағы заңнама ұзақ өтпелі кезеңді ғана емес, кәсіпорындарға жаңа экологиялық талаптарға біртіндеп бейімделуге мүмкіндік беретін қаржылық тетіктерді де көздейді", – деп хабарлады орталық.

Бүгінгі таңда анықтамалықтың жобасы Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі комитеттің қарауына дайындық сатысында тұр.

"Комитет қарағаннан кейін жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігіне нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау үшін заңнамада көзделген одан әрі рәсімдерден өткізуге, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен ведомствоаралық келісу рәсімдерінен өткізуге жолданады. Анықтамалық оны қабылдау және бекіту бойынша заңнамада белгіленген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана күшіне енеді", – делінген жауапта.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ең үздік қолжетімді техникалар бюросының басшысы Қайрат Масеновтің айтуынша, әңгіме өндірістегі барлық қондырғыларды алып тастау туралы емес, оларды жаңғырту, яғни қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру туралы болып отыр.

"Циклоннан бастап қап сүзгісіне дейінгі жүйені жаңғыртудың қазіргі бағасы шамамен 136 миллион теңге. Өндіріс қауымдастықтары айтқан "бір миллиард теңгеден асады" деген баға жоқ", – деп түсіндірді спикер Atameken Business арнасына берген сұхбатында.

Қазақстан өткен жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен дүние жүзінде 6-орынға тұрақтады. Еліміз болашақта бұл көрсеткішті жақсартып, экспорттаушы елдердің үштігіне кіруге ниетті.

Әзірге май-тоңмай саласындағы жаңашылдыққа қатысты түпкілікті шешім қандай болатыны белгісіз. Сала өкілдері ұсыныстары ескеріледі деп үміттенсе, жауапты орталық райынан қайтпай отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу