Кувейт әуекомпанияларына Қазақстанның 11 әуежайына (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей) тұрақты ұшуларды орындауға мүмкіндік берілді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Енгізілген "ашық аспан" режимі аясында екі елдің тағайындалған әуекомпаниялары аптасына 14 тұрақты жолаушылар рейсін және 5-ші "әуе еркіндігі" бар шектеусіз жүк рейстерін орындау құқығына ие болды.
Сондай-ақ, тараптар әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасының мәтінін алдын ала келісіп, оған қол қою жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті. Сонымен қатар, екі елдің тағайындалған әуе компанияларына ұшуларды орындау кезінде кодтарды бірлесіп пайдалану туралы коммерциялық келісімдер жасауға мүмкіндік берілді.
"Қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі бойынша Кувейттің "Jazeera Airways" әуекомпаниясы 2020 жылдың жазғы кезеңінен Қазақстанға тұрақты рейстерді бастауды жоспарлап отыр",– делінген хабарламада.