Кейінгі уақытта елімізде ипотекаға қатысты түрлі болжам, рас-өтірігі аралас қауесеттер көбейді. Әйтеуір бір анығы, нарық бәсеңдеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған не себеп, енді жағдай қалай өрбиді?
Әзірге байқап отырғанымыз – белгілі бір аралықта ипотекаға сұраныстың едәуір азайғаны. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында өтінім бергендер саны 21 пайызға кеміп, бар болғаны 191 мыңды құрады. Енді баспананың бағасы арзандауы мүмкін деген жағымды болжамдар айтылып жатыр. Негізі нарық заңында сұраныс азайып, сатып алу тоқыраған жағдайда баға да қатар құлайтын дағды бары жасырын емес. Сондай пікірдің бірін Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мусрепов жария етті.
Бұған дәлел ретінде сарапшы елде ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары екенін, қолжетімді болмай тұрғанын, үй шаруашылығында халықтың шығыны артқанын алға тартқан. Ал үй сатып алуға жағдайы барлар нарықты бақылап, бағаның түскенін күтіп отыр. Оның үстіне биыл 1 шілдеден бастап ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшері 25 пайыздан 20 пайызға азаяды. Бұндайда табысы азаятынын білген банктер клиенттерге қатаң талаптар қояды.
"Соның салдарынан халық үшін несиенің қолжетімділігі одан әрі төмендеуі мүмкін. Сондықтан 2026 жылдың екінші жартысында ипотекалық мәмілелер санының одан әрі азаюын және тұрғын үй несиелері нарығындағы белсенділіктің төмен деңгейде болатынын күтеміз. Онсыз да сатылмай қалған пәтерлер көбейді. Сатып алушылар белсенді емес. Мұндай жағдайда ұсыныстар сөзсіз бағаны төмендетеді. Біздің бағалауымыз бойынша, нарық қазірдің өзінде бағаны түзету кезеңіне өтті", – деді Е.Мусрепов.
Сарапшының пайымынша, жылжымайтын нарық осылайша осал күйге түсіп отыр. Халық табысының өспей қалуы да жығылғанға жұдырық болған. Бұндайда үй сатушылар мен құрылыс компаниялары клиент жоғалтпау үшін бағаны түсіру амалына көшуі ықтимал. Тіпті, қайталама нарықтағы үйлер құнын 30-35 пайызға дейін түсіруі мүмкін екен.
Дегенмен тап қазір баға түсіп жатыр дей алмаймыз. Өйткені сұраныс түбегейлі тоқтаған жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны наурызбен салыстырғанда 23,4 пайызға өскен. Баға да тоқтар емес, сәуірде жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі ел бойынша орта есеппен 615 933 теңгеге жетіп, бір айда 0,6 пайызға өскен. Қайталама нарықтағы пәтерлер 0,9 пайыз қымбаттаған. Алматыда жаңа пәтердің шаршы метрі 733 375 теңге болса, Астанада 731 990 теңге.
Осы тұста Krisha.kz бір қызық жаңалықты жария етті, 1 шілдеден бастап ипотека бойынша екі түрлі шекті мөлшерлеме енгізілуі мүмкін. Егер бастапқы жарна 30 пайыздан жоғары болса – ипотека 20 пайызға дейінгі мөлшерлемемен, ал жарна 30 пайыздан төмен болса – 25 пайызға дейін баруы мүмкін.
Дегенмен қарапайым халық үшін баспаналы болу одан әрі қиындай берері анық. Көпшіліктің үйлі болуына септесіп келген зейнетақы жүйесінен де жағымсыз хабарлар келуде. Өйткені жауаптылар жеткілікті шекті қайта қарауға ниетті. БЖЗҚ мәліметінше, жеткілікті шек өскен сайын азаматтың шотында қалуы тиіс ең төменгі сома да ұлғаяды. Жаңа әдістеме бойынша, мемлекет болашақтағы зейнетақының халықаралық стандарттарға жақындауын көздеп отыр. Яғни, қаражатты шешіп алған азаматтың болашақтағы зейнетақы төлемі медианалық жалақының шамамен 40 пайызына жуық деңгейге жақындауы керек. Қазір медианалық жалақының 40 пайызы шамамен 120 мың теңгедей.
Economykz сарапшыларының байламынша, Қазақстанның тұрғын үй нарығы ел ішіндегі экономикалық теңсіздік пен урбанизация бағытын да анық көрсетіп келе жатыр. Әсіресе, Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда тұрғын үйдің қымбаттауы өмір сүру құнын барған сайын ауырлатуда.
"Алматы мен Астана арасындағы айырмашылық қазір тек географиялық емес, өмір сүру құнының айырмасына айналды. Алматы барлық сегмент бойынша ең қымбат қала күйінде қалып отыр. Астанада да баспана бағасы жоғары, бірақ мұнда әкімшілік және сервис экономикасына байланысты тұрақты сұраныс сақталып тұр", – деп мәлім еткен сарапшылар.
Болжамдар әртүрлі болғанымен, бірнәрсе анық – тұрғын үйге қол жеткізу бұрынғыдан да қиындап барады. Сонау Тәуелсіздік жылдарынан халықтың басты арманына айналған баспананың қадірі одан бетер артқандай. Алдағы уақытта жылжымайтын нарығында біз күтпеген басқа да жаңалықтар бола беретін тәрізді.