Энтони Фаучи есімді жергілікті иммунолог әрі инфекциялық дерттер зерттеушісінің болжамы осындай. Бұл туралы Әл-Джазира агенттігі хабарлады.
Айтуынша, Covid-19 инфекциясы қазан және қараша айларында тағы да өршуі ықтимал.
Ескере кететін жайт, бұған дейін де бірнеше рет өзге вирустар күз айларында қайтадан етек жайған екен. Мысалы, H1N1 пандемиясының дүмпуі 2009 жылы АҚШ-та екі мәрте тіркелген (CDCP мәліметі). Сол жылдың мамыр және маусым айында тараған індет қазан айының соңында екінші қайтара ушыққан. Бұл пандемияның мүлдем басылғаны, яғни H1N1 вирусын жұқтырғандар санының тыйылғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2010 жылдың тамыз айында жария еткен болатын.
Бірақ Фаучи пандемия күзде қайталанса да, оның қарқыны қазіргідей болмайтынын басып айтты. Өйткені Құрама Штаттардың ол уақытқа дейінгі дайындығы жоғары болады, яғни билік вирусты анықтайтын препараттарды, ауруларды дереу анықтау процесін және оқшаулану шараларын жетілдіріп үлгереді. Сондай-ақ ол вакцина жасап жатқандардың қатары көп екенін және оның біреуі қазір жете зерттеліп жатқанын айтты. Егер де сынақтар сәтті өтсе, жаз мезгілінде екпе жұмыстары басталуы мүмкін екенін де тілге тиек етті.
Ол Дональд Трамптың 240 мыңға жуық адам осы вирустан қайтыс болады деген мәлімдемесіне қатысты пікірімен бөлісті. Фаучи бұл тек болжам ғана, осыншама адам нақты ажал құшады деп санаудың керек еместігін айтты.
Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметі бойынша, АҚШ қазір вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Елдегі науқастардың саны 189 мыңнан асқан. Ал 4 мыңнан астам адамның ауруы асқынып қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат