Күзет агенттігінің қызметкері өзін-өзі атып жіберген

736

Оқыс оқиға желтоқсанның 9-ынан 10-ына қараған түні сағат 3-тер шамасында Шымкенттегі Адырбеков көшесінің бойында орын алған.  

Күзет агенттігінің қызметкері өзін-өзі атып жіберген

Шымкентте "Патруль" деп аталатын күзет агенттігінің 31 жастағы қызметкері қызметтік көлік ішінде қаладағы банктердің бірін әріптесімен бірге күзетіп отырып, тапаншаның шүріппесін басып жіберген. Бұл сәтте оның серіктесі тәтті ұйқыда жатқан. Тек травматикалық тапанша дауысынан оянған. Оқиға орнына дереу жеткенжедел жәрдем қызметі жас жігітті ауруханаға алып кетті. Бұл іс бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша іс тергелуде.

Былтыр ғана отау құрып, тұңғышын күтіп жүрген жігіттің ешқандай артық мінезі болмаған. Күзет агенттігінің директоры бұл оқиға бүкіл ұжымның төбесінен жай түсіргендей болды деп отыр.

"Тіпті оның мұндай әрекетке неліктен барғанын болжап та айта алмаймыз. Себебі ондай  мінезін байқамадық. Бізде қызмет етіп жүргеніне үш жыл болды. Жауапкершілігі мол, тіпті жақсы көрсеткіштері де бар. Бұл оқиға төбемізден жай түскендей болып отыр",-деді күзет агенттігінің директоры Алмас Батырбеков. 

Жігіттің ұжымдастары өзіне немесе отбасына қандай да бір материалдық көмек қажет болса, қол ұшын беруге әзірміз деп отыр.

Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр екенін айтады. Оған бірнеше сағат бойы ота жасалған. Қазір ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.

"Жарақат алған жері маңдай мен шеке тұсы, оң жағынан. Ота кезінде басынан бір оқ алынды. Науқас  көп қан жоғалтқан.  Бұл кісінің жарақаты ашық әрі ауыр болғандықтан мүгедек болып қалуы мүмкін",-деді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың нейрохирург дәрігері  Бабур Юсупов.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу