Күзет қызметімен айналысатын субъектілерге талап күшейтіледі

948

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады.  

Күзет қызметімен айналысатын субъектілерге талап күшейтіледі

Құжат күзет қызметін көрсету сапасын арттыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы қолданыстағы заңнаманың қайшылықтарын жоюды көздейді.
Қабылданған заң жобасына сәйкес,  Еңбек кодексіне, "Күзет қызметі туралы", "Ішкі істер органдары туралы", "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдарға түзету енгізілді.

"Күзет қызметінің сапасын арттыру және маңызды объектілер мен террористік тұрғыдан осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңға түзету енгізілді. Атап айтатын болсақ, қауіпті өңдірістік, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде, білім беру, ірі сауда орталықтары, әкімшілік ғимараттар сияқты көпшілік шоғырланатын объектілерде қызмет көрсету үшін жоғары талапқа сәйкес келетін күзет ұйымдарына рұқсат беру ұсынылады. Мұндай күзет ұйымдарында жоғары материалдық жабдық, жедел әрекет ету топтары, орталық басқару пульты және тәжірибелі мамандар болу қажет",
– деді мәжіліс депутаты Арман Қожахметов заң жобасын талқылау барысында. 

Айта кетейік, күзет қызметімен айналысуға арналған лицензия 2 кіші түрге бөлінеді. Бірінші кіші түрі тек қана террористік тұрғыдан осал объектілерге жатпайтын объектілерді күзетуге құқық береді. Екінші кіші түрі бойынша – күзет қызметінің барлық түрлерін, соның ішінде террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге болады.
Сенатор Ләззат Сүлейменнің сөзінше, заң жобасы күзет қызметін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың, заңды тұлғалардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге, тиісті нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.

"Жеке күзет ұйымдары азаматтар мен заңды тұлғалғалардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға белсенді көмек көрсетіп келеді. Ұсынылатын нормалар күзет қызметінің сапасын арттыру, стратегиялық, аса маңызды объектілер мен террористік тұрғыдан осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін күзет қызметімен айналысуға арналған лицензияға талапты күшейтуге бағытталған. Жоғарыда аталған қызмет түрімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне талап күшейтіледі", –деді Ләззат Сүлеймен.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу