Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыровпен бірге Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен танысып, күзгі кезеңге дайындығын бағалады.
Кездесу барысында Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов барлық қызметкерлер коронавирус инфекциясының қайта өршуіне дайын екенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта бізде 11 қосалқы станцияда 180 бригада жұмыс істейді. Бұл 3 мыңнан астам қызметкер – дәрігерлер, фельдшерлер мен жүргізушілер. Барлық мамандар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген", – деді ол.
Бұған қоса Алматыда 103 желісінің санын 30-дан 50-ге дейін, қоңырауларды қабылдау және тапсыру бойынша фельдшерлердің санын 12-ден 22-ге дейін, ал бригадалардың санын 220-ға дейін арттыру жоспарланған.
"Фельдшерлер саны тағы 120 қызметкерге көбейтіледі. Жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялық өңдеуге уақытты үнемдеу үшін біз заманауи технологияларды, атап айтқанда суық бу генераторын қолданамыз. Осылайша, Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі дәрігерлердің жұмысын тиісті деңгейде қолдайтын барлық негізгі пункттер бойынша дайын", – деді Біржан Оспанов.
Құралай Құдайберген