Квазимемлекеттік компания кәсіпкерге қызметі үшін ақы төлемеген

455

Бұл уақытта елордалық кәсіпкер құқығым тапталды деп ашынады. Ішкі істер министрлігіне қарасты квази-мемкомпания мемлекеттік сатып алу шарты бойынша ақы төлемей қойған. Осылайша, бизнесмен жарты жыл бойы көрсеткен қызметіне ақшасын ала алмай жүр.

Квазимемлекеттік компания кәсіпкерге қызметі үшін ақы төлемеген Фото: inbusiness.kz

Тапсырыс беруші болса компания өзіне жүктелген міндетті жөнді орындамады деп, сотқа жүгінген. Даулы мәселе бүгін кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша кеңесте қаралды.

"Ақпараттық-өндірістік орталық" деп аталатын кәсіпорын Ішкі істер министрлігіне қарайды. Қалтамызда жүретін төлқұжат пен жеке куәлікті жасау - басты міндеті. Осы құжаттарды басып шығаратын қондырғыларға техникалық қызмет көрсету үшін былтыр шілдеде "Elysium group" компаниясымен келісім-шартқа отырған. Құжатқа сәйкес, Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Астанадағы жабдықтарға қолдау көрсетуі керек болған. Тек арты үлкен дауға ұласты. Тоқетері мынау: квазимемлекеттік комапния шарттың талаптарын орындамады деген желеумен кәсіпкерге 93 млн теңгесін төлемей қойыпты.   

"Келісім-шартқа шілденің 1-і қол қойдық. Дәл сол күні бізге қосалқы бөлшектердің үлкен тізімін ұстатты. Есептетіп едік, бағасы 200 млн теңгеден асып кетті. Ал келісім-шарт 218 млн теңгеге жасалған еді. Біз қондырғыларға техникалық қызмет көрсетіп, сынып қалса, жөндеумен айналысамыз деп келістік қой. Неге біз қосалқы бөлшектерді алуымыз керек?! Айына 16 миллионнан төлеуі тиіс еді, квартал сайын төлейік деді. Оған да көндік. Бірақ, бізді алдап соқты, осы уақытқа дейін бір де бір актіге қол қоймады, бір тиын да төлемеді", дейді "Elysium group" ЖШС өкілі Ербол Әубәкіров.

Ақша жоқ, салдарынан компания жұмысшылары жалақысыз отыр. Амалы қалмаған бизнесмен Кәсіпкерлер палатасына шағымданған. Алайда, мемлекеттік кәсіпорынның айтар өз уәжі бар. 

"Олар маған келіп: 16 миллионның актілеріне қол қой дейді. Мен оларға: жігіттер, сіздер бір тоқсан ішінде істеген жұмыстарыңның  көлемін жазып, көрсетіңдер. Соған қарай төлейміз дедім. Алайда техникалық қызмет көрсету жұмысы жөнді атқарылмады. Қазір құжаттарды жасайтын екі қондырғы істен шығып тұр. Жабдықтарға профилактикалық қызмет көрсетілмеген. Соған қарамастан, олар 93 миллионды талап етеді. Әрі біздің мамандарды оқытып, үйретуі тиіс еді. Ол да жоқ. Консалтингтік қызметтер де ұсынылмады. Яғни, келісім-шарттағы талаптар ішінара әрі сапасыз орындалды", дейді "Ақпараттық-өндірістік орталық" РМК директоры орынбасарының м.а. Алексей Багинский. 

Барлық талапты бұлжытпай орындадық, 15 рет барып, аппараттарды тексердік, тиісті құжаттар мен дәлел қолымызда,- дейді "Elysium group" серіктестігінің өкілдері. Өзара келісе алмаған қос тарап енді соттасып жатыр. Үш қаланың соты "Ақпараттық-өндірістік орталық"-тың арызын қабылдамаған. Ал Алматы соты компанияны жосықсыз жеткізуші деп тану туралы талабын қанағаттандырмапты. Алда - аппеляция. Ал елордалық кәсіпкерлер палатасындағы кеңес мүшелері бірауыздан бизнесменді қолдап отыр. Көмектесуге дайынбыз,- дейді. 

"Отандық кәсіпкерлерді қолауымыз керек. Қызметкерлер жалақысыз отыр. Олар жұмысын істеді ғой. Біз сотқа барып, кәсіпкерге құқықтық көмек көрсетеміз", дейді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ирак Елекеев. 

Ең қызығы, бұған дейін төлқұжат пен жеке куәлік шығаратын қондырғыларға неміс компаниясы техникалық қызмет көрсетіп келген. Ал елордалық "Elysium group" - бұл тендерді ұтқан алғашқы отандық серіктестік. Ал оның қызметкерлері Германияға барып, тәжірибе жинап келген. Елордалық кәсіпкерлер палатасы ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкерді қолдаусыз қалдырмаймыз,- дейді. Сотқа қатысудан бөлек, барлық құжаттарды Антикор мен бас қаланың прокуратурасына жібермекші. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу