Квазимемлекеттік компаниялардың нарықтағы үлесін екі есе қысқарту ұсынылды

1366

   

Квазимемлекеттік компаниялардың нарықтағы үлесін екі есе қысқарту ұсынылды

Мемлекеттік органдардың сансыз көп жаңа кәсіпорындар мен мемлекеттік компанияларды құруынан, бәсекелестікті дамыту көбінесе назардан тыс қалып отыр. Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП төралқа төрағасы "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты бизнесті қорғау жөніндегі III форумда мәлімдеді, деп хабарлайды atameken.kz.

"Бүгін біз бизнесті қорғау жөніндегі III-ші форумды өткізіп отырмыз, бұл жақсы дәстүрге айналды. Прокуратурамен бірлескен күш-жігермен, біз бақылаушы органдардың қысымын айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік. Мемлекеттік органдардың бақылау функциялары, бизнеске қойылатын талаптар, тексеру мерзімдері қысқартылды", - деді Тимур Құлыбаев.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жалғасуда, әкімшілік заңнама түбегейлі қайта қаралды, бизнестің пайдасына баптардың 80% - ы өзгертілді. Салық және кедендік даулар бойынша апелляциялық комиссия институты құрылды, шағымдардың саны да 3 есеге жуық қысқарды, ал сотқа дейінгі апелляция институты экологиялық және СЭС қоса алғанда, барлық бақылаушы салаларда енгізілетін болады.

Үкімет жүргізген барлық реформалардың нәтижесінде Қазақстан "Doing Business" рейтингісінде 8 позицияға, 36-дан 28-орынға көтерілді. Қазір Мәжілісте кәсіпкерлік қызметті жетілдіру бойынша түзетулердің жетінші топтамасы бар.

Табысты жетістіктерден басқа, Ұлттық палата басшысы мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды, бәсекелестік пен меншік құқығын қорғауды, жер және қала құрылысы құжаттары бойынша қолжетімді ақпаратты жасауды кейінге қалдырмай шешу мәселелеріне тоқталды.

Әр түрлі бағалаулар бойынша экономикадағы мемлекеттің үлесі ЖІӨ-нің 50% - дан астамын құрайды. Көбінесе мемлекеттік кәсіпорындар экономиканың бәсекелестік салаларында ұсынылған: тасымалдау, логистика, сауда. Қазір мемлекеттік компаниялар үшін заң жүзінде 348 қызмет түрі рұқсат етілген, олар 44 салада жұмыс істейді.

"Мемлекет үлесін қысқарту бағытында жүргізіліп жатқан саясатқа қарамастан, мемлекеттік жаңа кәсіпорындар құру өсіп отыр, 2000 жылдан бастап мемлекеттік кәсіпорындар саны 23 723-тен 26 612-ге дейін артты. Мемлекеттік органдар өз қажеттіліктеріне жаңа кәсіпорындар мен мемлекеттік компаниялар құрады, бұл ретте бәсекелестікті дамыту мәселелері көбінесе назардан тыс қалып отыр. Ойын ережесін өзгерту керек – квазимемсектор қызметінің негізділігіне тексеру жүргізіп, оларды кем дегенде 2 есеге қысқарту керек", - деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.

Төрт жыл бұрын мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру процесі басталды, оның шеңберінде мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлері арасында функцияларды, өкілеттіктер мен жауапкершілікті оңтайлы бөлу көзделген болатын.

"Бүгінгі күні бұл бөлудің оң және теріс жақтары мен тиімділігі туралы кім айта алады? Біз үкіметке бұл мәселені зерделеуді ұсынамыз. Бас прокуратурамен бірлесіп, біз осы тақырыпты жер инспекциялары мен МСҚБ мысалында қарастырамыз. 2014 жылы бұл салалардағы бақылау функциялары әкімдіктерге берілді. Нәтижесінде іске асыру да, бақылау да бір қолға түсті. Яғни, әкімдіктер өздері шешім шығарады және оларды өздері бақылайды, мүдделер қақтығысы ашық,айқын", - деді "Атамекен" басшысы.

Форум соңында ҚР бас прокуратурасы мен "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2019 жылға арналған ынтымақтастықты жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу