Квота бойынша экспортталатын тауарлар тізімі белгілі болды

1398

Министрлік төтенше жағдай кезінде елден шығаруға толық тыйым салынған азық-түлік тізімін жасады.

Квота бойынша экспортталатын тауарлар тізімі белгілі болды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу мен тыйым салуға қатысты сауалдар көбейгендіктен, төтенше жағдай кезінде қандай өнімдер квота бойынша экспортталатыны туралы нақты ақпарат беруді жөн көріпті.

Министрліктің хабарлауынша, 2 сәуірде республика көлемінде азық-түлік қоры қайта нақтыланып, талдау жасалғаннан кейін, сондай-ақ трейдерлер мен тауар өндірушілер тарапынан түскен өтініштерге байланысты "Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы" министрдің жаңа бұйрығы дайындалған. Бұл құжат биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қолданыста болмақ.

Бұйрықтың қосымшасында Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым салынған тауарлар көрсетілген. Тізімде:

- қарақұмық;

- ақ қант;

- картоп;

- балғын немесе салқындатылған пияз, шалот пиязы, сарымсақ, порей пиязы және өзге де баданалық көкөністер;

- күнбағыс, ұнтақталған немесе ұнтақталмаған тұқымдары;

- күнбағыс майы;

- қарақұмық жармасы бар.

№ 2 қосымшада елден шығаруға (экспорттауға) шектеулер (квоталар) енгізілетін тауарлардың тізбесі бекітілді. Бұл:

- сәбіз, шалқан, қызылша;

- орамжапырақ, түрлі-түсті орамжапырақ, кольраби, жапырақты орамжапырақ және және Brassica тектес осыған ұқсас жеуге жарамды көкөністер;

-бидай немесе қара бидай ұны;

- жұмсақ бидай және меслин.

Ал құжатқа № 3 қосымшада шектеулерді есептеу және бөлу тәртібі белгіленген. Экспортқа енгізілген квоталар мен ішкі нарыққа өнімді кепілді жеткізу көлемі 1 қыркүйекке дейін ай сайын анықталып отырады.

Министрлік белгіленген ережелер бойынша  айдың басталуына кемінде 12 жұмыс күн қалғанда ресми интернет-ресурста тауарлардың әрбір түрі бойынша квоталар көлемі, еліміздің ішкі нарығына кепілдендірілген жеткізілімдер көлемін, сондай-ақ өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу күні мен уақыты туралы ақпаратты жариялап отырады.

"Квоталар мен кепілді жеткізілімдер көлемін министрлік өндіріс, тұтыну, әкімдіктердің қорлардағы азық-түлік көлемі туралы берген ақпаратына сүйене отырып және "Қазақстанның Астық одағының", "Қазақстанның астық өңдеушілер одағының", "Қазақстанның Картоп өсірушілер және көкөніс өсірушілер одағының" ұсыныстары негізінде есептейді. Квоталарды алу үшін фермерлер мен трейдерлерге есепті ай басталғанға дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей өз өтінімдерін салалық одақтарға беруі қажет, олар өз кезегінде өтінімдерді қалыптастырады", – деп жазылған хабарламада.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу