ҚР үкіметінің баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясы барысында ҚР жоғарғы соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов "100 нақты қадам" ұлт жоспарының "Заңның үстемдігін қамтамасыз ету" бағытын іске асыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Нұрсерік Шәріпов сот төрелігінің үш деңгейлі жүйесіне көшу әр инстанцияның рөлін күшейткенін және сот шешімінің ақырғы күшіне енуін жылдамдатқанын айтты. Оған қоса, азаматтық істердің сотта өтуінің жалпы мерзімі екі есеге қысқарды, істердің 83,5% бірінші сот отырысында-ақ аяқталды.
Айтылған мәліметке сәйкес, бұйрық өндірісі істерінің саны төрттен бір есеге, дауды шешудің баламалы әдістерін қолданумен аяқталғандары – үштен бір есеге, делдалдықты қолданумен – 1,6 есеге артты. Істердің 62,5% тараптарды сотқа шақырусыз жеңілдетілген өндіріс тәртібінде қаралады.
"Қылмыстық сот ісінде келісу өндірісінде қаралған істердің саны 43%-ға, қысқартылған тәртіптегілер - 3,5 есеге өсті. Делдалдықты қолданумен бір жарым есе артық іс аяқталды. Алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істің саны 28%-ға артты. Түрмеде отырғандардың саны айтарлықтай азайды", – деді Нұрсерік Шәріпов.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сот бақылауын кеңейту шаралары оң нәтиже беріп жатыр, тергеу судьяларының институты жоғары тиімділігін көрсетті, ал тергеу судьялары қараған материалдар, оның ішінде санкциялау туралы материалдар саны 9,3%-ға артты.