Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады

313

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды. 

Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады Фото: akorda.kz

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызы зор екеніне сенімді.

Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.

"Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.

"Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу