Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтың сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап өлім жазасының күшін кезең-кезеңмен жою бағытын қолдап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған биылғы жолдауында бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын жариялап, Қазақстан өлім жазасын жоюды темірқазық тұтатынын жеткізді.
"Мемлекет басшысы биыл 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертусіз жойылуға тиіс екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті қылмыстық заңнамадан өлім жазасын алып тастау туралы түзету дайындады. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ өлім жазасы туралы ережелерді қамтитын 2 заңға енгізілген түзету қолдау тапты", – деді Арман Қожахметов.
Оның айтуынша, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші Факультативтік хаттаманың редакциясы нақтыланды. Қазақстан Республикасында өлім жазасының толық жойылуы ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес үндестіру мен адам құқығын қамтамасыз етуге және ең жоғары конституциялық құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Қанат Махамбет