Қылмыстық кодекстегі екі бапты толық қылмыссыздандыру көзделіп отыр

626

Елімізде есепшілердің болмашы қателіктерін қылмыстық сипаттан арылту жоспарлануда. 

Қылмыстық кодекстегі екі бапты толық қылмыссыздандыру көзделіп отыр

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтудың өзекті мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тәжірибеге сүйенсек, бухгалтердің болмашы қателігінің салдары адал кәсіпкерге ұзақ және ауыр тергеуге айналуы мүмкін. Сол себептен оны (ред. – Қылмыстық кодекстің 241-бабын) әкімшілік жауапкершілік санатына ауыстырған жөн деп есептейміз. Яғни, ӘҚБтК-нің 239-бабының 6-бөлігін толықтыру көзделеді. Себебі қолданыстағы нормада тек заңды тұлғалар қарастырылғандықтан, арнайы субъектіні, яғни бухгалтерді анықтау ұсынылады. Өз тарапымыздан салықтан жалтаруға немесе қолма-қол ақша алуға бағытталған қасақана "қателіктермен" жұмысты жалғастыратын боламыз", - деді Жеңіс Елемесов.

Агенттік орынбасарының сөзінше, заң жобасымен Қылмыстық кодекстің 2 бабын толық декриминализациялау көзделіп отыр. Оның ішінде 219-бап ӘҚБтК-ға көшірілмейді. Ал 241-бап әкімшілік санатқа ауыстырылады. Ішінара қылмыссыздандыру кеден саласындағы құқықбұзушылықтармен байланысты. Бұл Қылмыстық кодекстегі 234 және 236-баптарға қатысты, олар ӘҚБтК-ға ауыстырылмайды.

"Біз олар бойынша қылмыстық жауапкершіліктің басталу шегін ұлғайтуды ұсынып отырмыз. Мұнда шағын және орта бизнесті қолдау көзделеді. Өздеріңізге белгілі, кәсіпкерлердің дені саудамен айналысады. Бұл бизнестің дамуына серпін береді деп санаймыз. Сондай-ақ мүлікті тәркілеуді қарастырдық, бұл соттың қарауына қалдырылады", - деп толықтырды спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу