Қымбат баспана сатып алуға жол берген Павлодар қаласының әкімі сөгіс алды

1667

Павлодар қаласы әкімдігі коммуналдық меншікке құны 49 млн 900 мың теңге болатын екі қабатты үй сатып алған.

Қымбат баспана сатып алуға жол берген Павлодар қаласының әкімі сөгіс алды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевке сөгіс жариялады.

Осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар қаласы әкімдігінің коммуналдық меншікке құны 49 млн 900 мың теңге болатын екі қабатты үй сатып алғанын айтқан болатынбыз. Бұл жайт көпшіліктің назарын аударып, тұрғындардың басым бөлігінің наразылығын тудырған еді. Қоғамның талқысына түскен мәселе облыс басшылығын да бей-жай қалдырмады. Аймақ басшысы Болат Бақауов бюджеттік қаржының тиімді пайдаланылуы талқыланған жиын барысында қала билігінің бұл әрекетін сынға алды.

"Кадр алмасу аясында облысқа келетін мемлекеттік қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қажеттігін түсінемін. Бірақ, ол үй қымбат болмауға және бөлек тұрмауға тиіс. Көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтер берілсе де жеткілікті. Сондықтан, сатып алынған екі қабатты коттеджді басқа баспаналарға ауыстырып, оларды кезек бойынша жетім балаларға беру мәселесін қарастыруды тапсырамын", – деді Болат Бақауов.

Ал коттедж сатып алуға шамамен 50 млн теңге жұмсаған Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевке бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдаланғаны үшін сөгіс жариялады. Айта кетелік, бұл екі қабатты, аумағы 230 шаршы метр болатын баспанадан үміттілер тізімінде қала басшысының өзі де болған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу