Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкіметте баяндама жасады.
"Республика бойынша МСАК шеңберінде 5617 нысан көмек көрсетеді.
Денсаулық сақтаудың осы бағыттағы жұмысы аумақтық қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, отбасылық қызмет көрсету қағидаты бойынша құрылған. Ол үшін учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер және психолог кіретін учаскелік көпсалалы командалар құрылды", – деді министр.
Соңғы үш жылда елімізде МСАК-ты нығайту бойынша бірқатар шаралар іске асырылды.
"Мәселен, амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру өсті, консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 7 есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есеге, МРТ – 6 есеге ұлғайды. Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Атап айтқанда, кемінде 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өсті", – деді министр.