Қымыз бен шұбат ішуге кеңес беремін – бас пульмонолог

786

Стационардан кейін тек дәрі-дәрмекке ғана иек артпау керек.

Қымыз бен шұбат ішуге кеңес беремін – бас пульмонолог

Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Қасенова короновирустен емделіп шыққан адамдарға оңалту уақытында тыныс алу гимнастикасын жасаумен қатар, қымыз бен шұбат ішуге кеңес берді. 

Дәрігерлердің айтуынша, науқас стационарда ем алып болғаннан кейін, міндетті түрде 14 күндей тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігердің бақылауында болып, оңалту шараларынан өтеді.

"Стационардан кейін тек дәрі-дәрмекке ғана иек артпау керек. Емделуде ең маңыздысы – тыныс алу органдарының қайта қалпына келуі. Сол себепті пациенттерімізге тыныс алу гимнастикасымен айналысуға кеңес береміз. Терең тыныс алып, өкпенің дем алуына арналған қарапайым жаттығулар жасау керек. Бұл жаттығуларды үйде күніне үш ретке дейін, тұрақты түрде жасау қажет. Жаттығулардың уақыты ұзақ емес, 15-20 минут. Ең бастысы, өкпе дем алуға тиіс", – деп айтып өтті бас пульмонолог.

Медицина ғылымдарының докторы Сәуле Қасенованың сөзінше, амбулаториялық жағдайда тезірек оңалу үшін науқас тыныс алу жаттығуларын жасаумен қатар, халық медицинасына да көңіл бөлгені жөн.

"Амбулаториялық жағдайда оңалту кезінде көпшіліктің қолы жетімді халық медицинасына да жүгінуге болады. Қымыз бен шұбат тәрізді ұлттық сусындардың емдік қасиеті бар екенін барлығымыз білеміз. Егер асқазан-ішек жолы аурулары болмаса, осы сусындарды ішу керек. Бұл сусындар дәрумендер мен микроэлементтерге өте бай. Өйткені короновирус ағзадағы иммунитетке көп жүк түсіреді. Сол себепті, қымыз бен шұбат ішуге кеңес беремін", – деді Сәуле Қасенова.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу