Қырғыз делегациясы қойылған мәселелермен келісті - Бақытжан Сағынтаев

499

Қырғыз делегациясы қойылған мәселелермен келісті - Бақытжан Сағынтаев

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қырғыз делегациясымен жүргізген келіссөздердің  қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі.

18 қазан күні Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков бастап келген ресми делегациямен келіссөз жүргізілді. Құрамында 30-ға жуық өкілетті мүшесі бар делегациямен арада экономикалық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болды.

Бұл сапар қырғыз тарабының бастамасы бойынша телефон арқылы болған әңгіменің қорытындысы негізінде өтті.

"Біріншіден, біз екі жақты экономикалық байланыстардың өзекті мәселелерін талқыладық. Олар екі ел арасындағы шекара және көлік тасымалына, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға қатысты болды.

Сондай-ақ, ЕАЭО нормаларына сәйкес кеден және салықтық реттеу мәселесі бойынша проблемалық мәселелер қаралды. Мысалы, біздің кеден органдары Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы тауар алып өту барысында қырғыз кәсіпкерлерінің жалған декларация беру фактілерін анықтап отыр. Осының салдарынан біз тікелей зиян шегіп отырмыз", - дейді үкімет басшысы.

Қырғыз тарабы қойылып отырған мәселелермен келісті. Премьер-министр Сапар Исаков Қырғыз жағының міндеттемелерін бұлжытпай орындауға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық мүдделерін қорғауға байланысты мәселелердің үйлесімді шешімдерін табуға кепілдік берді.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы 5 жұмыс күні ішінде бірлескен Жол картасын дайындауға тиіс.

Жол картасы қабылданған соң тараптар келісімдердің толық орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеме алады.

"Сондай-ақ, біз осы жылғы 19 қазан күнгі сағат 00:00-ден бастап екі елдің мемлекеттік шекарасын, әсіресе, Қордай бекетінде кесіп өтудің басым тәртібін қамтамасыз ететін болып келістік.

Келісім бойынша қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер, жеңіл автокөліктер және бос жүк көліктері үшін мемлекеттік шекараны кесіп өтудің басым тәртібі қолданылады", - дейді премьер-министр мәлімдемеде.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу