Орал қаласындағы Салтанат сарайының жанына келіп тоқтаған жүк көліктерін Ақ Жайық жұртшылығы қарсы алды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
"Қырғыз бауырларымыз Қазақ елінде болып жатқан осындай сын сағатта алғашқы болып көмек қолын созды. Қазақ даласына 300 тонна халықаралық гуманитарлық көмек жеткізілді. Осыған орай Батыс Қазақстанға керуенді бастап келген Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Замирбек мырзаға, барлық жүргізушіге алғысымызды айтамыз. Қазақ-қырғыз бір туған, тіліміз бір, діліміз бір, дініміз бір. Осы бауырластығымыз мәңгілік жалғаса берсін!" деген Бақытжан Хаберұлы гуманитарлық жүкті бастап келген Замирбек Нарчаевқа "Қырғыз еліне Батыс Қазақстан халқының атынан мың алғыс" деген жазуы бар домбыраны тарту етті.
Қырғыз Республикасы ТЖ министрлігінің өкілі, подполковник З.Нарчаев Орал қаласына 28 адам келсе, соның 18-і жүргізуші, 8-і құтқарушы екенін жеткізді.
"Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Қырғызстан елінен жеткізілген 300 тоннадан астам гуманитарлық көмек Қазақстанның төрт облысына бөлінді. Орал қаласына соның 80 тоннадайын жеткіздік. Жүк көліктеріне азық-түлік, төсек-орын, керует секілді тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттар тиелген", - деді Замирбек Нарчаев.
Қырғыз ағайындарға сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан да алғысын білдіріп, бұл біздің бауырластығымыздың айқын көрінісі екенін атап көрсетті.