Қырғызстан Ресей үкіметін сотқа берді

599

Бұл жайт 27 қаңтарда Жогорку Кенештің Еңбек, денсаулық сақтау, әйелдер істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында талқыланды.  

Қырғызстан Ресей үкіметін сотқа берді Фото: canva

Қырғызстан Ресейдің Еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру (ММС) полисін беруден бас тартуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сотына талап-арыз түсірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Комитет мүшелері Ресейде еңбек етіп жүрген қырғызстандық мигранттарды медициналық көмекпен қамту жұмысының қалай жүріп жатқанына қызығушылық танытты.

Міндетті медициналық сақтандыру қорының (ММСҚ) төрағасы Азамат Мукановтың айтуынша, ЕАЭО-ға мүше 5 ел арасында еңбек мигранттарына қатысты келісім бар. Алайда Ресей тарапы келісімнің 96-97-баптарын бұзып, еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне ММС полисін беруден бас тартып отыр.

"Қырғызстан ЕАЭО сотына талап-арыз берді, іс қаралып жатыр, шешім 2 апта ішінде шығарылады. Ресейдің вице-премьері Алексей Оверчук Қырғызстанға келген кезде де бұл мәселе көтерілген", – деді Азамат Муканов.

Қырғызстан мен Ресей арасында әлеуметтік қамсыздандыру туралы келісім бар, ол ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекетке қолданылады.

Қырғызстан ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі атанғанына 2015 жылдың тамыз айынан бері 10 жылға жуықтады. Бішкек сот арқылы Ресейде жұмыс істейтін өз азаматтарының отбасы мүшелеріне тегін медициналық сақтандыру алу құқығын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

РБК еске салғандай, Ресейдің №326-ФЗ "Міндетті медициналық сақтандыру туралы" заңындағы 10-бапқа сәйкес, ЕАЭО елдерінің еңбек етуші азаматтары ММС полисін алуға құқылы. Алайда олардың отбасы мүшелері жеке санат ретінде көрсетілмеген. Егер оларда уақытша тұруға рұқсат (РВП) немесе тұрақты тұруға ықтиярхат (ВНЖ) болмаса, ММС полисі берілмейді.

ЕАЭО соты Минск қаласында орналасқан. Оның құрамына әрбір мүше мемлекеттен 2 судьядан кіреді. Соттың негізгі мақсаты – ЕАЭО туралы шарт пен басқа да халықаралық келісімдерді бірізді түсіндіру.

ЕАЭО құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіреді. Одақтың бірыңғай штаб-пәтері жоқ, басқарушы органдары әртүрлі қалаларда орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу