Қырғыз Республикасымен апаттар кезінде ерте хабарлау жүйесін интеграциялау пысықталуда

Төтенше жағдайлар министрлігінде алқа отырысы өтті. 

Қырғыз Республикасымен апаттар кезінде ерте хабарлау жүйесін интеграциялау пысықталуда Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің төрағалығымен өткен отырысқа Үкімет Аппараты мен Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, ТЖМ орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының, аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің басшылары, әскери бөлімдерінің командирлері қатысты.

Отырыс барысында авариялық-құтқару жұмыстарын сапалы жария ету, су тасқыны кезеңінің өтуі, елдегі сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи өрттердің алдын алу, азаматтық қорғау органдарындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы мәселелері талқыланды.

Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров су тасқыны кезеңінің өтуі туралы баяндады. 2023 жылдың басынан бастап су тасқынының алдын алу мақсатында уақытша бөгеттер, біліктер салу, каналдарды, арықтарды, автомобиль және темір жол су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Инертті материалдар, жанар-жағармай және қапшықтар дайындалды, мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин баяндады. Өз сөзінде ол жер сілкіністерінің алдын алуға болмайтынын, бірақ олардың жойқын әсерін азайтуға болатынын атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін инфрақұрылымның, ғимараттар мен құрылыстардың тұрақтылығын арттыру, энергиямен және газбен жабдықтауды автоматты түрде ажырата отырып, көлік инфрақұрылымын тоқтата отырып, халықты ерте хабардар ету жүйесін енгізу қажет. Бұл іс-шараларды республика бойынша кешенді түрде енгізу қажет.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының тұрғындарын ерте хабардар етудің автоматтандырылған жүйесінің 11 станциясын орнату жұмыстары аяқталды, биылғы жылы қосымша 17 станция орнатылуда. Пайдалануға берілгеннен кейін жүйе "Darmen" мобильді қосымшасымен біріктірілетін болады.

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасымен ерте хабарлау жүйесін интеграциялау, ТЖ және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығының алаңында ведомствоаралық дағдарыс орталығын құру мәселесі пысықталуда.

Бұл шешім көрші елдердің аумағынан сейсмотолқын келгенге дейін халықты және арнайы қызметтерді хабардар ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

2021-2022 жылдары Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 18 сейсмикалық станция сатып алынып, орнатылды. Жаңа 5 сейсмикалық станция пайдалануға берілді және жұмыс істеп тұрған 10 станцияның жабдықтары жаңартылды.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов табиғи өрттердің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  Жыл сайын өрт қауіпті кезеңде мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін төрт мың табиғи жану тіркеледі.

Бүгінгі таңда Қазгидрометтің болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңде температура орта есеппен +25ºС, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде температураның +30ºС дейін жоғарылауымен құрғақшылық пен жауын-шашын тапшылығы болжануда.

Азаматтық қорғау органдарында тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері туралы ТЖМ кадр саясаты департаментінің бастығы Шахмардан Әзірбаев баяндады. Ол жеке құрам арасында жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстары туралы айтып берді.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша министр табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу