Бір айға жуық уақытта Қырғызстан тасымалдаушылары Қазақстан Республикасы заңнамасын 360 рет бұзған, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Биыл қазан айының 10-ы мен 30-ы аралығында ҚР инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің өкілдері Қырғыз Республикасы тасымалдаушылары тарапынан жасалған 360 заң бұзушылықты анықтады. Есептік кезеңде Қырғыз Республикасының 3054 автокөлік құралы тексерілді.
Тексерістердің нәтижесінде тасымалдаушыларға жалпы сомасы 11,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұлдың басым бөлігі тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмағаны үшін салынған. Бұл барлық заңбұзушылықтың 40%-ын құрайды.
Сондай-ақ, тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмағаны үшін тасымалдаушыларға 103, салмақ және габарит параметрлерін сақтамағаны үшін 69, жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмағаны үшін 13, каботажды тасымал жасағаны үшін 11, жүктерді тасымалдау ережесін бұзғаны үшін 6, қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 5 айыппұл салынған.