Жыл басынан бері жалпы 58 655 шетелдік автокөлік құралы тексеруден өтті, нәтижесінде 2 538 заң бұзушылық тіркелген, оның ішінде 933-і қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі. Бұл туралы бүгін ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Осыған орай, шекара маңындағы аймақтарға қосымша жылжымалы көліктік бақылау бекеттері жіберілген. Мысалы, Жамбыл облысы бойынша 4 жылжымалы көліктік бақылау бекеті орналастырылды. Жергілікті полиция қызметі, экономикалық тергеу қызметі және мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, шекара асып жатқан көлік құралдарына 24 сағаттық бақылауды қамтамасыз етуде.
Тексеру барысында қазақ-қырғыз шекарасын асатын әрбір 6-7-ші автокөлік құралының ҚР көлік заңнамасын ескермейтіндігі анықталды. Өткен аптада 835 қырғыз көлігі тексеріліп, оның нәтижесінде 117 бұзушылық анықталды.
Қырғызстандық тасымалдаушылар жіберген негізгі бұзушылықтар - жүк құжаттарының жоқтығы - 56 бұзушылық, артық салмақ мөлшері - 34 бұзушылық, каботаждық операциялар - 7 бұзушылық, қазақстандық жол жүру рұқсатының жоқтығы - 10, басқа бұзушылықтар - 10.
Тасымалданатын тауарлар құжатының жоқтығы (сертификат, декларация және т.б.) жүк тасымалдаудың және жүктің пайда болуының заңдылығына күмән келтіреді, әсіресе тез бұзылатын тауарларға қатысты.
Аталмыш фактілерге қатысты материалдар мемлекеттік кіріс органдары мен экономикалық тергеу органдарына жағдайды одан әрі нақтылау үшін жіберілуіге тиіс.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша трактор (тягач) мен жартылай тіркеме (полуприцеп) құрамындағы автопойыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Ал шын мәнісінде Қырғыз Республикасының көлік тасымалдаушылары шамадан тыс жүктемеге орын беріп, жолдарымызға үлкен залал келтiріп, олардың өткізу қабілетін азайтады.
Мысалы, ағымдағы жылдың 13 қазанында қырғызстандық тасымалдаушыға тиесілі көлік құралын тексеру кезінде, жүктің рұқсат етілген нормадан 5 тоннаға артық болғаны анықталды.
Есептік кезеңде тек қана шамадан тыс жүктеме үшін жиналған айыппұл көлемінің өзі шамамен 5 миллион теңгені құраған.