Қырғыз-тәжік шекарасында соңы адам өліміне әкелген тағы да бір қақтығыс болды, деп хабарлайды Atameken Business.
Ресми ақпарат бойынша бір адам қаза тауып, 5 адам қарудан жараланған. Алайда, таспен ұру секілді әрекеттерден зардап шеккендер қатары оннан асады.
Оқыс жайт тәжікстандық шекаршылар Ворух ауылы маңындағы бекет бойына өз туларын іле бастағанда басталған. Яғни, қырғыз тұрғындары бұған наразылық білдіріп, арада жанжал туып, соңы атысқа ұласқан.
Оқиға Қырғызстан мен Тәжікстан президенттерінің ресми кездесуі алдында орын алып отыр. Тараптар осы аптада Кеңес Одағы ыдырағаннан бері шешілмей келе жатқан шекара мәселесін талқылайтын болады. Себебі, екі елдің шекарасында әлі демаркация мен делимитация жүргізілмеген даулы тұстар көп.