Қырғыздың премьер-министрі күн тәртібіне кірмеген мәселені көтерді

784

Қырғыздың премьер-министрі күн тәртібіне кірмеген мәселені көтерді

Ташкентте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкімет басшылары Кеңесінің кеңейтілген құрамында өткен отырысы барысында Қырғыз Республикасының премьер-министрі Сапар Исаков отырыстың күн тәртібіне кірмеген Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдайға қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Осыған орай, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстан үкіметінің ұстанымын түсіндіріп берді.

"Қазақстан үкіметі қырғыз тарапының мәлімдемесін жөнсіз деп санайды. Аталған мәселеге қатысты біздің мемлекетіміздің ұстанымы жақсы мәлім. Ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ортақ экономикалық кеңістігін қалыптастыру идеологиясына толық сәйкес келеді және одаққа мүше елдердің экономикалық залалдары мен экономикалық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Біз Қырғызстан үкіметін өз міндеттемелерін растап, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өз міндеттемелерінің орындалуы мен іске асырылуын қамтамасыз етуге шақырамыз. Біз бұл тақырыпта ашық сөйлейміз және қырғыз әріптестеріміздің оған назар бөлгенін қалаймыз", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан үкіметі Қырғызстанның ұлттық заңнама нормаларын ЕАЭО-ның салықтық әкімшіліктендіру бойынша құқығына сәйкестендіру; заңсыз экспортқа, соның ішінде контрафактілі өнім экспортына қарсы іс-қимыл; Қырғыз тарапының ЕАЭО талаптарын сақтау бойынша тауарлардың тұрақты әрі тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық (карантиндік) бақылауын қамтамасыз ету; Қырғызстанның Экономикалық одаққа мүше елдердің көлік заңнамасын бұзуының алдын алу және оған жол бермеу шараларын қабылдауы; Қазақстан-Қырғызстан шекарасы арқылы есірткі, қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің т.б. контрабандасы мен заңсыз тасымалдануына жол бермеу сынды бес түбегейлі бағыт бойынша қырғыз тарапының сындарлы ұстанымына сенім білдіреді.

"Осылайша, біз тек өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ғана қорғамаймыз, ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық мүдделер мен экономикалық қауіпсіздікті қорғаймыз", - деді Қазақстан үкімет басшысы. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу