Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ ұсынған техникалық регламентті орындай алмай отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Анығырақ айтқанда, 18 техникалық регламенттің алтысына сертификат беретін мекеме атымен жоқ. Қырғыз билігі қанша тырысқанымен, кәсіптік зертханаларды уақытында дайындай алмады. Теміржол қозғалысының қауіпсіздігі, пиротехникалық-жарылғыш заттар мен аса маңызды тағам түрлерін сақтау. Қырғызстанда дәл осы бағыттағы Еуразиялық экономикалық одақтың сапа стандартының сәйкестігін анықтайтын зертхана жоқ.
Экономика министрлігінің мәлімдеуінше, зертханаларды жасақтауда өз елдерінде шығарылатын тауар түрлеріне басымдық берілген. Ал қалғанына сертификатты уақытша Қазақстаннан ала тұрмақ. Қырғыз билігі әзірге осылай амалдап отыр.
Қырғызстанда Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламентінің күшіне енуіне бір ай ғана уақыт қалды. Қазір ел азаматтарының қырғызстандық жүргізуші куәлігімен Ресей көлігін жүргізуіне қатысты мәселе ғана қаралып жатыр. Жақында ТМД істері жөніндегі комитет Ресей Федерациясына қырғыздарға өздерінің ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәлігін пайдалану құқығын беру туралы ұсыныс түсірді.