Кинокартинада түрмеде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамның өмірі баяндалады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– "Рэкетир: Жаңа заман" фильмі елдегі барлық кинотеатрдан алынды. Билеттердің ақшасын қайтару үшін кинотеатр әкімшілігіне немесе кері байланыс қызметіне жүгінулеріңізді сұраймыз, – делінген Қырғызстандағы кинотеатрлардың ресми парақшасында.
Осылайша, "Рэкетир: Жаңа заман" фильмі бүкіл Қырғызстан аумағында прокаттан алынған.
Аталған тосын ақпарат қырғызстандық "Синематика" кинотеатрлар желісінің ресми парақшасында жарияланды.
– Мұндай шешімінің себебін "Кыргыз тасмасынан" сұрау керек. Біз тек олардың талабын орындап отырмыз. Егер біз көрсететін болсақ, айыппұл төлейміз. Алдағы күндері сатып алынған билеттердің ақшасын қайтарумен айналысамыз. Клинет өте көп. Иә, фильм бүгін (20 ақпан) прокатқа шығуы керек еді бірақ біз сейсенбі күні алдын ала сатылымды бастап кеттік. Сеанстарға билетті бір апта бұрын алуға мүмкіндік болды. Көпшілік демалыс күндері белсенді түрде билетті сатып алды, – дейді "Синематика" өкілдері.
Бұған дейін қырғызстандық депутат Бактыбек Марипов Жогорку Кенештің құқықтық тәртіп комитетінің отырысында Қырғызстанда бандиттік идеологияны насихаттайтын фильмдердің көрсетілуіне тыйым салуды ұсынған болатын. Ол мұндай фильмдер жасөспірімдердің психологиясына кері әсерітн тигізетінін жеткізген.
Фильмнің ресми парақшасы "Рэкетир: Жаңа заман" фильмі Қазақстанда прокатқа шыққан алғашқы төрт күнде 600 миллион теңгедей жинап, қазақстандық кино саласында рекорд жасағаны туралы хабарлаған.
Еске салайық, бұл фильм – Ақан Сатаевтың әйгілі "Рэкетир" фильмінің жалғасы. Криминалдық драманың екі бөлімі 2007 және 2015 жылдары жарыққа шыққан-ды.