Қырғызстан қазақстандық тарапқа қарсылық нотасын жолдады

896

Қырғызстан қазақстандық тарапқа қарсылық нотасын жолдады

Қазақстанның Қырғызстандағы уақытша сенімді өкілі Кәрібжанов 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевпен болған кездесуге қатысты СІМ-ге шақырылды. Қазақстандық тарапқа қарсылық нотасы жолданды, деп хабарлайды Today.kz.

"Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігіне деген құрметін білдіре отырып мына нәрсені жеткізгісі келеді.

Министрлік Қазақстан Республикасы президенті Н.Ә.Назарбаевтың жақында болатын сайлауға түсетін Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткерлердің бірімен болған кездесуіне қатысты түсінбеушілігін білдіреді. Достық қарым-қатынастағы Қазақстан басшысының Қырғызстанның ішкі жағдайына араласпаймын дегеніне қарамастан, оның сөзі қазақстандық тараптың Қырғыз Республикасының болашақ президенті ретінде кімді құп көріп тұрғанын білдіреді. Қырғыз тарабы жоғарыдағы сөзге сүйене отырып, қазақстандық тараптың бұл кездесуді кең таратқанын Қырғызстан халқының таңдауына ықпал ету және Қырғыз Республикасының ішкі жағдайына араласу әрекеті деп бағалайды", - делінген хабарламада.   

Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғызстан президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановпен Алматы қаласында кездескен еді.

"Қазір Қырғызстан ел президентін сайлау науқаны алдында тұр. Бұл – кез-келген мемлекет үшін аса маңызды кезең. Мен Қырғызстанның тәуелсіздік алғаннан бергі барлық президенттерімен жемісті жұмыс жасауға тырыстым. Қырғыз халқы сенім білдіріп, жаңадан сайлайтын келесі президентпен де өзара тиімді іс-қимыл қалыптастыратын боламыз", - деді Назарбаев Бабановқа. 

Ал Ө.Бабанов қырғыз халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, оны қолдайтынын атап өтті.

"Мен Қырғызстанның премьер-министрі қызметінде болған кезде елдеріңіз бізге тұрақты түрде жан-жақты қолдау көрсетті. Біз бауырлас Қазақстан халқының барлық жетістіктеріне қуанамыз", – деді Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу