Қырғызстан Қазақстанға су бермей жатыр

1092

Қырғызстан қыңырлық танытты.

Қырғызстан Қазақстанға су бермей жатыр Фото: Ашық дереккөзден

Жамбылдық шаруалар көктемнен бері суармалы сусыз отыр. Талас өзенінен өңірге су түсу тоқтаған. Аймақтағы Киров қоймасындағы су қоры бір жылда 145 млн текше метрге азайған. Салдарынан егістікке су жетпей Байзақ, Талас және Жамбыл аудандары тапшылықтың зардабын тартуда.

Экология министрлігінің мәліметінше, Талас өзенінен Қазақстанға кесте бойынша секундына 45 текше метр су түсуі керек болған. Ал іс жүзінде су берілмеген. Ахуал ушыққасын аймаққа Экология және табиғи ресурстар вице-министрі арнайы барды.

"Киров су қоймасынан судың жеткіліксіз жетуіне байланысты шамамен 4 мың га пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұр. Қордай ауданының Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас және Степное ауылдық округтерінің шамамен 5 мың гектар егіні суарудан шығарылды", - делінген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.

Жамбылдық шаруалар су тапшылығын тартып отырғандарын бұрыннан айтып келеді. Мамыр айында 1 жарым мың гектар пияз бен картоп алқабына су жеткізе алмаған еді.  90 пайызы шаруашылықтың арқасында күн көріп отырған Байзақ ауданының тұрғындары қуаңшылықта ресурсты дұрыс бөле алмай отырған жауаптыларды кінәлауда.

"4 тамыздан бастап Қырғызстан суды жапты. Бізге Талас өзені арқылы су берудің көрсеткіші 0-ге тең. Олар Киров су қоймасынан біз өз үлесімізді алдық деп есептейді. Біз қазір қоймадан төмен өзен арнасын тазарту арқылы секундына 6 текше метр су алып отырмыз.  Оны 4-5 күн сайын Жамбыл мен Байзақ аудандарына таратамыз. Бұл, әрине аз", - деді "Қазсушар" РМК Жамбыл облысындағы филиалы басшысының орынбасары Ғалия Зәрубаева.

Қазақстан тарапы Қырғызстанмен Талас өзенінен кемінде секундына 5 текше метр су алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл Батыров атындағы Жамбыл мемлекеттік электр станциясының жұмысын жандандыруға қажет. Ал сарапшының сөзінше су енді болмайды. 

"Үкімет мұндай жағдайда әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін шаруашылықтардың шығындарын есептеу керек.Трансшекаралық өзендердің суы аз болғандықтан біз оларды қамтамасыз ете алмадық. Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Қорытындысына сәйкес ұсыныс беріледі. Онда кімге қандай көмек көрсетілу керек, кімнің шығыны қанша болды барлығы ғылыми әзірлемелерді ескере отырып дайындалады. Тағы айта кетейін комиссияның жұмысы әлі жалғасып жатыр," - деді "Қазсушар" РМК Жамбыл облысындағы филиалы басшысының орынбасары Ғалия Зәрубаева.

Сала маманының айтуынша, 60 шақырымға созылатын өзен арнасының бойында орналасқан шаруашылықтар саны 200 бен 300-дің арасында болуы мүмкін. Олардың шығыны мен қажеттілігін есептеу біршама уақытты қажет етеді. Одан бөлек Қазсушар-дың облыстық филиалы Ғарыш сапарымен бірлесіп, келесі вегетациялық кезеңде қолда бар егістік алқаптарына су берудің қажетті көлемін есептеу үшін егістіктің нақты картасын анықтауға кірісіпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу